Целиноград ауданы прокуратурасы ерікті түрде қоныс аудару кезінде орын алған бұзушылықтарды анықтады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Целиноград ауданы прокуратурасы аудандық мансап орталығының қызметіне тексеру жүргізіп, азаматтардың ерікті қоныс аударуын ұйымдастыру заңнамасы талаптарының бұзылғандығын анықтады.
Қандастардың өңірдегі тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алуға арналған материалдық көмекті заң бұзушылықтармен алғаны, сондай-ақ материалдық көмекті жымқыру фактілерінің орын алғанын анықтады. Залалдың жалпы сомасы 20 млн теңгені құрады.
Аталған заң бұзушылықтар бойынша аудан прокуратурасы қандастарға қатысты ірі мөлшерде алаяқтық жасау деректері бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы) сотқа дейінгі тергеп-тексерулер тіркеді. Іс материалдары одан әрі талқылау үшін Ақмола облысының экономикалық тергеу органдарына жолданды.
Одан бөлек, аудан прокуратурасымен енгізілген қадағалау актісі негізінде Ақмола облысының Еңбек мобильдік орталығы мемлекеттен заңсыз алынған қаражатты қайтару туралы талап арыздарын сотқа берді.
Аталған заң бұзушылықтарға жол берген жауапты тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылды.