10 қаңтар — Ұлттық ұланның құрылған күні. Осы атаулы дата қарсаңында Ұлттық ұланның патриоттық қозғалысының Ұлан мен Алан есімді мүшелері «Барыс» хоккей клубының жастар құрамасымен бірге ерекше видеоролик түсірді, деп хабарлайды DKnews.kz.
9 жастағы Ұлан мен 6 жастағы Алан кішкентай кездерінен хоккейге қызығады. Балаларының қызығушылығын аңғарған ата-анасы оларды хоккей үірмесіне берген. Бүгін олар Қазақстандағы ең танымал «Барыс» хоккей клубының мұзайдынында сырғанап, Ұлттық ұлан мен «Жас бүркіт» қозғалысының туын ортаға алып шықты. Оларға атақты клубтың жастар құрамасы демеу білдірді.
Бейнежазбадан екі бүлдіршіннің Ұлттық ұлан сапындағы «Бүркіт» арнайы жасағы киетін киім үлгісімен жүргенін көруге болады. Сондай-ақ олар кәсіпқой спортшылармен бірге мұз бетінде сырғанап, құқықтық тәртіп әскерінің туын желбіреткен.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан жауынгерлері елімізде өтетін кәсіпқой спорттық ойындар кезінде тәртіп пен тыныштықтың сақталуын қадағалайды. Оның ішінде, хоккей ойындары мен футбол матчтары да бар.