Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының Петропавлдағы «Орталық» өңірлік қолбасшылығының 6637 әскери бөлімінде жас сарбаздардың майор Ербол Отарбаевпен кездесуі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Майор Ербол Отарбаев Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданының тумасы. Ол Ұлттық ұлан сапында әскери борышын өтеп жүріп асқан ерлік көрсетті. Ұлттық ұлан батыры кездесуді ұйымдастырған әскери бөлім басшылығына алғысын білдіріп, әскери қызметтегі естеліктерінің өмір бойы жадында сақталатынын атап өтті.
- Қазір офицер болсам да, сарбаздық күндерімді жиі еске аламын. Әрқайсыңыздың бойыңызда біздің батырларымыз көрсеткен ерлік пен табандылық бар екеніне сенімдімін, - деп ой бөлісті майор.
Кездесу барысында ол өзінің қызмет жолы, офицерлік мансабындағы алғашқы қадамдары мен оның өмірін айқындаған маңызды оқиғалар туралы айтты. Сарбаздар әңгімеге қызығушылық танытып, түрлі сұрақ қойып, толыққанды жауаптар алды.
Еске салсақ, Ақтау қаласындағы қатаң тәртіптегі түрмедегі 21 сотталушы 22 маусымда таңғы сағат 5 шамасында қашпақ болған. Жауынгердің сөзінше, оқиға орын алған күні түрмеден қашпақ болған сотталушылар трансформаторды жарған. Мұнан кейін суық қарумен қаруланған сотталушылар 6-шы бекетке оқ атып, жақындай түседі. Олар түрменің сыртындағы қоршауды сындырып, қаша бастаған. Қараңғы болғандықтан жауынгер жазасын өтеушілердің түрін көріп, санын аңдай алмапты. Дегенмен 6-бекетте тұрған Ербол Отарбаев оларға төтеп беріп, әскери жарғы талаптарына сай қимылдаған. Осы ерлігі үшін Ербол Отарбаев Ұлттық ұлан тарихындағы мемлекеттік награда - III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған алғашқы сарбаз атанды. Орденді Қазақстан Республикасының Президенті табыстаған болатын.
Осындай кездесулер жас сарбаздардың рухын нығайтып, Отанға адал қызмет етуге ынталандырады. Бұл ұландықтарды нағыз қаһармандық үлгісінде тәрбиелеудің маңыздылығын көрсетеді.