«Ел тыныштығы - берік қолда»

8525
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің атқаратын жауынгерлік қызметінің бірі – қылмыстық атқару жүйесі мекемелерін күзету және қылмыстық атқару жүйесінде ұсталатын адамдардың, сондай-ақ олардың аумағындағы азаматтардың  мінез-құлқын бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру.

Түркістан облысы және Шымкент қаласы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерін күзету, ондағы сотталғандарды бақылау мен қадағалау бойынша жауынгерлік  қызметті сол шаһарда орналасқан 6698 әскери бөлімінің жеке құрамы ардан аттамай атқарып келеді.

Бұл қызметті атқаратын жауынгерлерге артылатын талап пен жүктелетін тапсырманың салмағы да ауыр. Өйткені қоғам үшін қауіпті деп оқшауланып, жаза басқандардың, өмірден өз жолын таба алмай өзгеге зиян келтіргендердің психикалық жағдайы да өте ауыр болады. Олармен бір аймақта жүріп, тәртібін, бұзушылық пен тыйым салынған әрекеттер жасамауын қадағалау жауынгерлік қызметтің жауапкершілігін арттырады.

Өткен жылдың 5-6 желтоқсанында Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығының 2024 жылдың 2 жарты жылдығына арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты 7552 әскери бөлім базасында жауынгерлік қызмет шеберлерін анықтау мақсатында сайыс өткізілген болатын. Ондағы басты мақсат жауынгерлік қызметтің сапасын жетілдіру мен арнайы мамандар арасында озық тәжірибелермен алмасу болды. Сайыста бақ сынаған бірнеше әскери бөлімнің жауынгерлері арасынан қатаң тәртіп пен қырағы қызметті қатар алып, адал қызмет етіп жүрген 6698 әскери бөлімінің жауынгерлері жыл қорытындысы бойынша жауынгерлік қызметтің үздіктері болып танылды.

Солардың бірі - 6698 әскери бөлімі 1 атқыштар ротасы бақылаушылар взводының маманы-бақылаушы ефрейтор Рүстембек Талғат Абылұлы. Талғат Түркістан облысы Ордабасы ауданының тумасы. Отбасындағы үш ұлдың кенжесі. 2013 жылы мектепті аяқтап, бірден әскер қатарына алынады. Мерзімдік қызметін қазіргі Қонаев қаласындағы 32363 әскери бөлімінде атқарады. «Құқықтану» мамандығы бойынша жоғары білім алады. Талғаттың екі ағасы Қайрат пен Асхат та Ұлттық ұлан қатарында әскери қызмет атқаруда. Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет атқаратын ағасы Қайрат Талғатты да әскери қызметке тартты. Осылайша 2017 жылы 6698 әскери бөліміне бақылаушылар взводына маман болып қызметке орналасты. Содан бері бақылаушылар қызметін атқаратын Талғат бірнеше жылдар ішінде бұл қызметтің қыр-сырын жетік меңгерді, командирлердің сеніміне селкеу түсірмеді. «Қай дәуірде болсын, Отан қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы болып келген, өзін ер азаматпын деп санайтын кеудесінде намысы, бойында жігері, жүрегінде оты бар жан үшін ең басты парыз, ең басты адами міндет осы»,- дейді ефрейтор Рүстембек Талғат. Өзінің әскери қызметіне деген адалдығы мен біліктілігі, білімі, жоғары жауапкершілігі арқасында еңбегінің жемісі мен жеңісін көрсетті. Талғат өзін елжанды, отансүйгіш етіп тәрбиелеген ата-анасына, әскери қызметті таңдауына себеп болған ағасына үлкен алғысын айтты. Бүгінде үш перзенттің әкесі болған Талғаттың өзі де бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлемін дейді. Отбасында ғана емес әскери ұжымда да белсенді орны бар Талғатты рота командирі капитан Анартай Ерболат та жақсы жағынан сипаттады: «Талғаттың ең басты қасиеті жауапкершілігі өте жоғары, салмақты, білімді, көп сөзді емес, бір істі. Сондықтан болар қарулас қатар тұрған жолдастары арасында да сыйлы»,- дейді. Талғаттың басты ұстанымы салауатты өмір салты, бала кезден айналысқан футбол ойынын тастаған емес. Жақында ғана әскери бөлімде өткен кіші футболдан сайыста «Үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алды. Бұдан басқа жетістіктері өте көп.

Ефрейтор Рүстембек Талғатпен бірге үздіктердің қатарына 6698 әскери бөлімі 2 атқыштар ротасы бақылаушылар взводының әскери жасақ бастығы кіші сержант Ережепов Лесбек Махматалиұлы да шықты. Бала кезден әскери қызметкер болуды қалаған Лесбек мақсатына жетті. Мектепті аяқтаған соң Ұлттық ұланның Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінде мерзімдік қызметін атқарады, туған жерге оралғаннан соң, көп ұзамай 6698 әскери бөліміне келісімшартпен қызметке орналасады. 2008 жылы мерзімдік әскери қызметтен бастап Ұлттық ұлан қатарында жүрген Лесбек өз қызметінің нағыз білікті маманы. Қарапайым сарбаз-атқыштан басталған әскери қызметінде үлгілі тәртібі мен қырағылығы, адалдығы арқасында бүгінде әскери жасақ бастығы. Өзінен кейінгі жастарға тағлымды тәжірибесі арқылы тәлімгер болып, ағалық қамқорлығын танытып жүрген кіші сержант Ережепов Лесбек командирлеріне де көмекші. Жауынгерлік қызметте де жоғары жетістіктері үшін көптеген марапаттарға ие болды. Жақсы қызметтің жемісі болар жақында тағы да үздіктер қатарынан көрінді.

Қарауылдың қырағы құрамында осындай жауынгерлеріміз жүргенде ел тыныштығы берік қолда екені сөзсіз.

Капитан Шынжігітова Малика 6698 әскери бөлімі

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -