«Ұлттық ұлан қатарында ел тыныштығын қорғауға ат салысуға міндеттімін»

20053
Фотосурет: ҚР Ұлттық ұланы

2024 жылғы 30 желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының қатары жас жауынгерлермен толықты. Оның қатарында еліміздің ішкі тыныштығы басты жауынгерлік міндеттерінің бірі болып саналатын Ұлттық ұлан да бар.

Өткен жылғы желтоқсан айының соңына қарай өз жұмысын бастаған 6698 әскери бөлімінің оқу пунктінде еліміздің бір қатар өңірлерінен келген жастар әскери қызметтің алғашқы дайындығынан өтіп жатыр. Талдықорған, Тараз, Қызылорда өңірлерінен келген 150-ге жуық жас жауынгерлерге әскери бөлімнің тәжірибесі мол, білікті офицерлері мен сержанттары тәлімгерлік жасауда. Олар әскери қызметшілер арасындағы қарым-қатынас, әдеп,  саптық дайындық, дене шынықтыру, қарумен жаттығу, әскери тәртіптен бастап, әскери киімді дайындау, кию, тігу сияқты күнделікті тұрмыстық шаруашылықтарға дейін үйретуде.

Жас жауынгерлер қатарында Үшарал қаласынан мерзімдік әскери борышын өтеуге келген жас спортшы Болат Даулет және Тараз қаласынан келген ақпараттық технологиялар маманы Олжабеков Бейбарыс та бар. Жас жауынгерлер бізбен әскери қызметке келгеннен бері өз өмірінде орын алған өзгерістермен бөліскен болатын.

Қатардағы жауынгер Болат Даулет ММА спорты бойынша чемпион: «Мен бала кезден елімнің патриоты боламын деп армандайтынмын. Спортқа қызығушылығым да бала жастан басталды. Қазақстанның атақты боксшылары әлемдік ареналарда көк туымызды желбіретіп жоғары орындардан көрінгенде, менің ішімде өзім жеңіске жеткенде ерекше сезім болатын. Сол сәттен бастап менің бірінші мақсатым  – көк туымызды көктен желбіретіп, әнұранымызды әлемге таныту болды. Спорттың ММА түрімен бала кезден айналыса бастадым. Әлемді мойындатқан чемпион ағаларымдай болу жолында тынбай жаттықтым. Әзірге жеткен жетістіктерім де бар. Әлемдік деңгейде өткен ММА жарыстарында 1 орын алып еліміздің туын үш рет көтердім. Сол кезде бойымдағы асау толқындай тулаған сезімді сөзбен жеткізу мүмкін емес, көзіңе еріксіз жас та келеді.

18 жасқа толған әрбір азаматтың қасиетті борышы ел қорғау екенін мен жақсы түсіндім. Осылайша әскер қатарына келдім. Әскердегі күнделікті жаттығу, әскери тәртіп бұл менің спорттағы мүмкіндігімді шыңдай түсуде. Мұндағы әр өңірден жиналған сарбаздармен достық, қамқорлық өте ерекше.  Отанымның нағыз патриоты болу бақытын сезінгендей болдым.

Қатардағы жауынгер Олжабеков Бейбарыс ақпараттық технологиялар маманы: «Мен 2001 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Мектеп жасынан компьютер, технология саласына менің қызығушылығым артты. 10 жасымда өзімнің алғашқы бағдарламамды жазған болатынмын.         11 сыныпты аяқтағанша ақпараттық технология саласына көп көңіл бөлдім, болашағымды да тек сол мамандықпен байланыстырамын деп шештім. Жоғары оқу орнын Польша елінде оқып келдім. Шетелде жүріп елімнің, туған Отанымның қадірін жақсы түсіндім, мұндағы білім мен жаңашылдықтар мен тек алға жетеледі. Жақсы білім алып, өз елімнің ғылымын жетілдіруге үлес қоссам деген мақсат болды. Оқуымды аяқтап елге келісімен елімнің азаматы ретінде әскери қызметке барамын деп шештім. Туған жерден 4 жыл жырақта жүргенде елге деген сағынышым, оның қадір-касиетін ұғыну сияқты сезімдер менің нағыз патриот болуыма қалыптасуыма үлкен әсер етті. Мен өз Отанымды қатты жақсы көремін, өз елімнің даласында өсіп өркендеймін, оның дамуына үлес қосамын. Міне сарбаз болған күннен бастап әскери өмірдің біз үшін қаншалықты қажет екеніне, елге қызмет ете отырып, болашағыңа жарқын жаңа бастамалар ашылатынына көзім жетті.  Мұнда әскери тәртіпке, мінезіңді қатайтуға, ортақ ұжымда жұмыс істеу білуге үйретеді, Мұның бәрі білікті, білімді, жанашыр офицерлер мен сержанттардың қызметінің арқасында жүзеге асатынын көрдім. Ұлттық ұланның қатарына әскерге келіп қысқа ғана уақытта  мен нағыз әскери жолдастықтың барын көрдім. Ешқашан мән бермеген нәрселерді бағалай бастадым, өмірге мүлде басқаша көзқараспен қарай бастадым. Өзімнің ойларымды жинақтап, жаңа бастамаларға бағыт алдым. Әскери қызметтен соң жүзеге асыратын бірнеше жоспарымды құрастырдым, мұның бәрін мен әскерге келіп үйрендім. Менің еліме, Отаныма деген алғысым шексіз, бейбіт қоғамда өмір сүргенім үшін, ең жақсы мектепте оқығаным үшін, қасымдағы адал достарым үшін, менің болашағым үшін жасалған барлық мүмкіндіктер үшін! Енді Ұлттық ұлан қатарында әскери қызметімді атқара отырып, мемлекетіміздің тыныштығын қорғауға ат салысуға міндеттімін деп санаймын».

Ия, бұл кеше ғана әскеріміздің табалдырығын аттаған жас жауынгерлеріміздің жалынды сөзі. Ал біз олардың, анттан аттамайтын, сертке берік сарбаз болатынына сенімдіміз.

6698 әскери бөлімі капитан Шынжігітова Малика

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -