Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Үкімет отырысында ведомство жетекшілік ететін салалар бойынша кадрларға қажеттілік 39 мыңнан астам адамды құрайтынын баяндады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Аталған мәселені шешу үшін роботтандырылған тау-кен техникасы операторы, тау-кен және металлургия өнеркәсібіне арналған смарт-жүйелерді әзірлеуші, виртуалды прототиптеу жөніндегі маман, цифрлық жобалаушы, Big Data талдаушысы және «Ақылды үй» жобалаушысы сияқты 75 жаңа мамандықты қамтитын Жаңа мамандықтар атласы әзірленді.
«Осылайша, қол еңбегі біртіндеп автоматтандырылатын болып өзгереді, бұл қоғамдағы жұмысшы мамандары туралы әдеттегі идеяны түбегейлі өзгертеді» Қанат Шарлапаев
Биыл индустрияландыру картасының 190 жобасы шеңберінде машина жасауда 8 жаңа мамандық пайда болады: 3D-басып шығару және дәнекерлеу жөніндегі инженер, роботтандырылған бояу жүйелерінің операторы және басқалары бар.
Министр 336 кәсіпті қамтитын сегіз салада жасанды интеллект технологияларын қолдана отырып, 60 кәсіптік стандарттарды әзірлеу және өзектендіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанына тоқталды.
Өнеркәсіп саласында кадрлар даярлау үшін дуальды оқыту белсенді қолданылады. Еліміздің 284 колледжінің жұмысына 700-ден астам кәсіпорын жұмылдырылған. Қол қойылған шарттар мен меморандумдар шеңберінде жыл сайын 13 мыңнан астам жас маман жұмыс орындарымен қамтамасыз етіледі. 2024 жылы оқушыларға кәсіптік бағдар беру аясында 2 мыңнан астам студент өнеркәсіптік кәсіпорындарда тәжірибеден өтті.
Озық білім беру технологияларын енгізу мақсатында халықаралық әріптестікті дамыту жалғасуда. Мысалы, 2024 жылы «Allur Group» компаниясы Германияның Эрфурт университетімен бірлесіп Халықаралық дуальды оқыту орталығын құрды. Таразда «Қазфосфат» қолдауымен Ресей химия-технологиялық университетінің филиалы ашылды.
Сондай-ақ министр геологиядағы кадр тапшылығын шешу үшін «Жас геолог» қоғамдық қорын құруды және жастар арасында мамандыққа деген қызығушылықты арттыру үшін халықаралық олимпиада өткізуді қосқанда, жүйелі шаралар қабылданғанын атап өтті.
«Қатты пайдалы қазбаларды геологиялық барлау саласындағы бес мамандық бойынша кадрлар даярлауды еліміздегі Абай облысындағы жалғыз Геологиялық барлау колледжі жүзеге асырады. Құрылыс саласында да жұмыс жүргізілуде. Соңғы екі жылда 400-ден астам маман «Қазақстанның құрылыс салушылар қауымдастығы» және BI University ынтымақтастығы шеңберінде біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Өткен жылы WorldSkills Kazakhstan чемпионатына 550 колледж студенті қатысты», — деп атап өтті министр.
Сондай-ақ желтоқсан айында Мемлекет басшысының Жарлығымен төрт ведомстволық наградалар мемлекеттік наградаларға ауыстырылды, олар: «Қазақстанның еңбек сіңірген геологтары», «Еңбек сіңірген құрылысшылары», «Еңбек сіңірген кеншісі» және «Еңбек сіңірген өнер қайраткері».
Министрліктің Жұмысшы мамандықтары жылына орайластырылған салалық жоспары шеңберінде бірқатар іс-шара іске асырылатын болады:
- жетекшілік ететін салаларда жұмыс істейтін жұмысшы кәсіптерінің өкілдерін құрметтеу және марапаттау арқылы он кәсіби мерекені атап өту;
- оқушылар мен студенттер үшін «Ашық есік күнін» өткізу;
- колледж базасында бос орындар жәрмеңкелерін ұйымдастыру.
Сондай-ақ әлеуметтік әріптестік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.