Астанада коммуналдық қызметкерлер қар күреу бойынша тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жол жұмысшылары бір түнде қаладан 34 мың текше метрден астам қар шығарды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
8 қаңтар күні күндізгі ауысымға қала көшелерінің қарын күреуге 2600 жол жұмысшы мен 1694 арнайы техника шықты. Олардың күшімен қаладан 34713 текше метр қар шығарылды.
Қыс мезгілінің басынан бері елордадан 194 723 рейспен 2 533 794 текше метр қар шығарылды.
Ең алдымен, ережеге сәйкес, жолдарда кептеліс болмас үшін қозғалысы өте қарқынды орындар тазартылады. Сондай-ақ, қарқындылығы орташа учаскелер – алаңдар, вокзал маңы аумақтары, тротуарлар, әлеуметтік нысандарға кірме жолдар және т.б. тазартылады.
Орталық көшелерді, жолаушылар көлігі маршруттары жүретін орындарды, аялдамалар мен тротуарларда тазалау да басымдыққа ие.
Қалада бірнеше жабдықталған қар полигоны бар. Олар самосвал техникасының нөмірлік белгілерін оқу жүйесімен жабдықталған, мұнда бейнебақылау камералары орнатылып, жарықтандыру қосылған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан жолдарда абай болуды, қауіпсіздік ережелерін сақтауды, дауылды ескерту болған жағдайда алыс сапарларға шықпауды сұраймыз.
Төтенше жағдай туындаған кезде «112» нөміріне хабарласыңыз.