Маңғыстау облысы ТЖД бастығы полковник Мұрат Мұханов Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың алғыс хатымен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінің әскери қызметшілерін марапаттады, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылдың 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Әзірбайжан елінің астанасы Бакуден Ресейдің Грозный қаласына бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан болатын. Azerbaijan Airlines жолаушылар ұшағының бортында 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. 29 адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылды. Адамдарды құтқаруда және қайғылы оқиғаның салдарын жоюда шешуші рөл атқарған өрт сөндіру бөлімдері мен медициналық мекемелердің қызметкерлері, басқа түрлі салалардың өкілдері мемлекет тарапынан түрлі марапатқа ие болды. Марапатталғандардың қатарында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығының 6656 әскери бөлімінің әскери қызметшілері РХБҚ қызмет бастығы аға лейтенант Жансерік Әбдраш пен барлау бастығы (штаб офицері) кіші сержант Алиби Абдгалиев бар. Олар ұшақ апатының авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың алғыс хатымен марапатталды.
- Жолаушылар ұшағы құлағанын ести сала біз жедел түрде апат болған жерге келдік. Апат аймағын қоршауға алып, ұшақ бөліктерінің астында қалып, дене жарақаттарын алған адамдарды шығарумен айналысып, оларды медицина қызметкерлеріне табыстадық. Іле шала ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға донор ретінде қан тапсыруға кірістік. Осы орайда, Ұлттық ұланның 6656, 3502 әскери бөлімінің әскери қызметшілеріне алғысымды білдіргім келеді. Біз алған марапатқа ұшақ апаты салдарымен күрескен Ұлттық ұланның барлық әскери қызметшілері лайық деп ойлаймын. Адамдарға көмек қолын созу – біздің азаматтық борышымыз, - деді аға лейтенант Жансерік Әбдраш.
Айта кетсек, ҚР ІІМ Ұлттық ұланының міндеттерінің біріне табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайларды және олардың салдарын жою туралы іс-шараларға қатысу кіреді. Отанымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ұландықтар әрқашан өздерінің кәсіби шеберліктерін, батылдығы мен жанқиярлығын көрсетуге тас-түйін дайын.