Астанада аналитика мектебінде оқу басталды

2156
Фотосурет: ©️ А.Байжұманов/Сенаттың Баспасөз қызметі

Астанада Талдау мектебінің төртінші кезеңіндегі оқыту жұмыстары басталды. Биыл жаңа кезеңге қабылдау өте жоғары деңгейде жүргізілді. Бір орынға 12 адамнан келді. Палата Төрағасы Мәулен Әшімбаев қалыптасқан дәстүрге сәйкес тыңдаушыларды төртінші кезеңнің ашылуымен құттықтап, дәріс оқыды. Аталған қоғамдық жоба аясында қатысушыларға белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар, халықаралық, сондай-ақ, ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері де дәріс оқиды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сенат Спикері жобаға қатысушыларға ілтипат білдіре келіп, Талдау мектебі – жаңа білім меңгеруге арналған орын ғана емес, сонымен қатар нетворкингке, сараптамалық байланыс орнатуға, идеялармен алмасуға, бірегей жобаларды бірлесіп әзірлеуге, өзекті мәселелерді шешу жолдарын табуға, түрлі талдамалық, әлеуметтік және өзге де жобаларды ұйымдастыруға арналған алаң екенін айтты.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Сондай-ақ Палата Төрағасы атап өткендей, бұл қоғамдық жоба мемлекеттік қызметте, бизнесте, халықаралық ұйымдарда және басқа да салаларда жұмыс істейтін жас мамандардың талдамалық дағдыларын жетілдіруге ықпал етеді.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Биыл оқу бағдарламасы «Data-driven decision-making» тақырыбына арналып отыр. Қатысушыларды оқыту сыни ойлау дағдылары мен талдау әдістері, аналитика және Big Data, стратегиялық жоспарлау және статистикалық мәліметтермен жұмыс істеу, Data Governance & AI, аналитикалық материалдарды дайындау қырлары және халықаралық стандарттар, Data-driven decision-making және мәтінмен жұмыс істеу сияқты 7 негізгі модуль бойынша жүргізіледі.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аналитикалық қарым-қабілеті жоғары мамандардың жаңа толқынын даярлаудың маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Қазіргі таңда кез келген шешім көптеген факторларды ескеруді талап ететіні белгілі. Сондықтан аналитика мемлекеттік органдар мен бизнес үшін стратегиялық тетікке айналып отыр. Мұндай жағдайда аналитикалық қабілеттер мен заманауи цифрлық мүмкіндіктердің үйлесім табуы ереше мәнге ие. Талдау мектебі – осы стратегиялық міндетті іске асыруға қосылған үлес. Биыл да қатысушыларды әдеттегідей өз салаларында мол тәжірибесі бар белгілі қазақстандық және шетелдік сарапшылар оқытады» Мәулен Әшімбаев

Айта кетейік, төртінші кезеңге қатысуға 700-ге жуық өтінім келіп түсті. Байқау комиссиясының өтінімдерді қарау нәтижесінде жобаға қатысуға 60 адам мүмкіндік алды. Олар – аналитикалық құрылымдарда, мемлекеттік басқару жүйесінде, ұлттық компаниялар мен ғылыми-зерттеу институттарында, басқа да түрлі салаларда тәжірибесі бар және PhD ғылыми дәрежесіне ие мамандар.

Мәулен Әшімбаев өз дәрісінде талдамалық жұмыстың тұжырымдамалық қырларына назар аударды. Талқылау барысында мемлекеттік басқару ісінде цифрлық құралдарды қолдануға және шешімдер қабылдауға қатысты кейстер талданып, трендтер сарапталды.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

«Талдау мектебінің идеологиясы сыни ойлауға, жаңа шешімдер табуға және еліміздің қуатты әрі инновациялық дамуына ықпал ететін бейстандарт стратегияларды құруға қабілетті мамандардың жаңа буынын қалыптастыруды көздейді» Мәулен Әшімбаев

Талдау мектебіндегі дәрістердің бір ерекшелігі – топпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту. Бұл soft skill-ді жетілдіру үшін қатысушыларға арнайы шақырылған тәлімгерлер – нақты сала бойынша сарапшылар, ерікті негізде қатысатын мемлекеттік құрылымдардың, ғылыми және халықаралық ұйымдардың өкілдері қолдау көрсетеді. Сондай-ақ қатысушылар білім беру инклюзиясы, гендерлік даму, баламалы энергетика, еңбек көші-қоны сияқты жеті бағыт бойынша бірлескен жобалар дайындау үшін топтарға бөлінді.

Төртінші кезеңнің алғашқы күнінде Sinovation Venture жасанды интеллект институтының президенті, доктор Кай-Фу Ли дәріс жүргізді. Ал, стратегиялық және дағдарыстық коммуникациялар жөніндегі сарапшы Ербол Исмаилов командалық білім беру, тың тәсілдерді терең меңгеру жөнінде фасилитациялық сессия өткізді.

Алдағы сегіз аптада Nazarbayev University президенті, профессор Вакар Ахмад, «Пиши, сокращай» кітабының авторы Максим Ильяхов, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Еркін Тукумовтың дәрістері жоспарланған. Спикерлердің қатарында мемлекеттік органдар мен халықаралық ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері де бар. Нақты айтқанда, Қазақстан Президентінің кеңесшісі Қуанышбек Есекеев, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Жандос Шаймарданов, «Отбасы банктің» Басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова дәріс оқиды.

Тағы бір айта кетер жайт, сабақтар биылғы 1 наурызға дейін әр сенбі сайын өтеді. Кезең қорытындысы бойынша қатысушылардың талдау материалдарының жинағы шығарылады. Ол Парламент депутаттарына және салалық мемлекеттік органдарға ұсыным ретінде жіберіледі.

Сарапшылардың бейне дәрістері Талдау мектебінің ресми YouTube арнасына жарияланып отырады. Сондай-ақ аталған YouTube арнада Мектептің алдыңғы үш кезеңіндегі дәрістер де қолжетімді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -