Теңізді сақтау: Солтүстік аралда су көлемі 42% - ға өсті

3542
Фотосурет: Gov

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Арал ауданының тұрғындарымен Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру жобасының екінші кезеңін іске асыру мәселесін талқылады. Солтүстік Аралды сақтау жобасының алғашқы кезең қорытындысы бойынша теңіздегі су көлемі 42%-ға артып, 27 млрд текше метрді құрады. Теңіз суының тұздылығы төрт есеге жуық төмендеп, жыл сайынғы балық аулау көрсеткіші 8 мың тоннаға дейін жетті, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Су ресурстары және ирригация министрлігі «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасын әзірлеуде. Жоба негізгі 3 негізгі бағытты қамтиды. Атап айтқанда, Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды іс-шаралар қарастырылған.

Су ресурстары және ирригация министрлігі 2024 жылы Аралға 2,6 млрд текше метрге жуық су жіберді. Оның ішінде суару кезеңінде рекордтық көлем - 1 млрд текше метр су барды.

Бұл Сырдария суын сауатты бөлу және оны үнемдеудің нәтижесінде мүмкін болды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2022 жылы Аралға бар болғаны 816 млн текше метр су жіберілген еді.

«Бұл нәтижелер – соңғы екі жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың жемісі. Біз су үнемдеу, трансшекаралық өзендердегі су ресурстарын әділ бөлу мәселесінде көршілес елдермен өзара түсіністікке қол жеткізіп, нақты қадамдар жасадық. Алдағы уақытта да осындай келіссөздерді жалғастыра отырып, маңызды су қоймаларының деңгейін тұрақты ұстап тұруға бар күшімізді саламыз. Аралды қалпына келтіруге бағытталған жоба ең алдымен өңірдің экологиялық жағдайын жақсартуға, балық шаруашылығы мен туризмді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталып отыр», – деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов тұрғындармен кездесуде.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -