Бүгін, 13 қаңтарда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақтау қаласының 33-ші шағынауданында орналасқан №33 жалпы білім беретін мектептің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа мектеп заманауи 66 пән кабинетімен, оның ішінде STEM-зертханалар, қыш өнері, визуалды дизайн, хореография сияқты шығармашылық бағыттарға арналған кабинеттермен жабдықталған.
Қазіргі уақытта мектепте 825 оқушы білім алып жатыр. Оларға 68 педагог қызмет көрсетуде, оның ішінде 7 мұғалім ауысу тәртібімен келген. Ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін сенсорлық кабинет, логопед, дефектолог және психолог кабинеттері соңғы үлгіде жабдықталған.
Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік білім беру ұйымдарының өкілдері, мердігер мекеме және ата-аналар қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Аббат Өрісбаев аймақ басшысының атынан жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен бастау алған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асып жатыр. Балалардың сапалы білім алуы үшін мектептер заманауи және жайлы болуы тиіс. Бұл – біздің болашағымыздың кепілі. Президентіміз атап өткендей, орта білім беру деңгейінің сапасын арттыру – ұлттық болашағымыз үшін маңызды қадам. Осындай мектептердің іске қосылып жатқаны бізді қуантады. Жас ұрпаққа білім жолында сәттілік тілеймін, – деді Аббат Өрісбаев.
Айта кетейік, биыл Маңғыстау облысында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 13 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде Ақтау қаласының 17, 19 және 33-ші шағын аудандарында, сондай-ақ Мұнайлы ауданының Батыр ауылындағы Хазар шағын ауданында 4500 орындық 4 мектептің құрылысы аяқталды.