Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев және Палатаның бір топ депутаты Қытай Халық Республикасына ресми сапармен келді. Сапар аясында бүгін Қытайдың Халықтық саяси консультативті кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасы Ван Хунинмен және Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен кездесулер өтті. Онда парламентаралық ынтымақтастықты нығайту перспективалары және алдағы кезеңге арналған бірлескен жобаларды іске асыру міндеттері талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Мәулен Әшімбаев Халықтық саяси консультативтік кеңесі Бүкілқытайлық комитетінің Төрағасына ілтипат білдіре келіп, Қытайдың Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласында болған жер сілкінісінен қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Сонымен қатар Парламент Сенатының Спикері Қазақстан мен Қытайдың жан-жақты стратегиялық серіктестігін нығайту жолында екі мемлекет басшыларының достық пен өзара сенімге негізделген қарым-қатынасы ерекше мәнге ие екенін, соның нәтижесінде қазіргі таңда екіжақты тиімді уағдаластықтарға қол жеткізілгенін және аса маңызды құжаттарға қол қойылғанын атап өтті. Сұхбат барысында сарапшылардың Қазақстан мен Қытай арасындағы қатынастарды дамудың жаңа «алтын дәуірі» ретінде бағалағаны да айтылды.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Мәулен Әшімбаев екі елдің негізгі билік институттары арасындағы ынтымақтастықты өзара іс-қимылдың маңызды тетігі ретінде атап, оны одан әрі нығайтуға ең жоғары деңгейде баса мән беріліп отырғанын тілге тиек етті.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, біз жылдан-жылға мазмұны байып келе жатқан, шын мәнінде үлгі етерлік мемлекетаралық қатынасты жолға қойдық. Барлық деңгейде тығыз байланыс орнады. Экономикалық өзара іс-қимыл белсенді дамып келеді. Мәдени-гуманитарлық байланыстар да нығая түсті. Елдеріміз халықаралық ұйымдар аясында да өзара тиімді әрі жүйелі ықпалдастық орнатты және әлемдегі өзекті проблемаларды шешу ісіне бірлесе атсалысып келеді. Мемлекет басшылары достықтың, сенімді және нәтижелі байланыстың озық үлгісін көрсетіп отыр. Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесі мен Қазақстан Парламентінің Сенаты арасында да осындай қарым-қатынасты сақтап, дамыту аса маңызды деп есептейміз. Біздің Қытайға осы сапарымыз соған ықпал етеді деп сенеміз» Мәулен Әшімбаев
Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев екі елдің жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселелер бойынша ұстанымдары сәйкес екенін ескеріп, көпжоспарлы ынтымақтастықты одан әрі арттырудың маңыздылығына назар аударды. Сенат Спикері атап өткендей, Қытайдың тұрақты және жаһандық даму жөніндегі көпполярлы бастамалары жалпыға бірдей қауіпсіздікті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады. Кездесуде халықаралық ұйымдар мен «Орталық Азия – Қытай» сияқты көпжақты форматтар аясында екі ел арасында жұмыс байланыстарын орнату мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Біз Қытайдың Халықтық саяси консультативтік кеңесімен диалогты нығайтуға үлкен мән беріп отырмыз. Мемлекет басшылары деңгейінде қол жеткізілген барлық келісімдерді тиімді іске асыруға ықпал ету – біздің ортақ міндетіміз. Қазақстан Парламентінің Сенаты осы бағытта бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге дайын» Мәулен Әшімбаев
Бұдан басқа, Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық кешенді өзгерістерге кеңінен тоқталды. Атап айтқанда, Парламентпен бірге негізгі мемлекеттік институттарды жаңғырту, Сенаттың заң шығару қызметі, сенаторлардың мәслихат депутаттарымен өзара іс-қимылы және басқа да реформалар туралы сөз болды.
«Соңғы жылдарда Қазақстанда «Әділетті Қазақстан» құру жолында кешенді реформалар іске асырылып жатыр. Реформалардың мақсаты – заң үстемдігін қамтамасыз ету, билік тармақтары және орталық пен аймақтар арасындағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктің теңгерімділігін нығайту. Қазіргі таңда Парламент жұмысының негізгі басымдығы – Қазақстан Президентінің бастамасымен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Өткен 2024 жылы біз 104 заң қабылдадық. Биыл экономикамызды дамытуға арналған маңызды заңдар – Салық, Бюджет, Қала құрылысы, Су кодекстері қабылданады. Жалпы, Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар уақыт талабынан туындағанын және азаматтарымыздың сұраныстарына жауап беретінін атап өткім келеді» Мәулен Әшімбаев
Өз кезегінде Ван Хунин қазақ-қытай қарым-қатынастарының деңгейіне жоғары баға беріп, екі мемлекет басшыларының өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жандандыру жолындағы рөлін атап өтті. Сондай-ақ ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың айрықша маңызына назар аударып, Қытай алдағы уақытта белсенді диалогты нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге және екіжақты форматта да, халықаралық аренада да біздің мемлекетпен өзара іс-қимылды белсенді дамытуға мүдделі екенін айтты.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің Төрағасы Чжао Лэцзимен кездесу барысында да Мәулен Әшімбаев Сенат Парламенті мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне тоқталды. Тараптар өнеркәсіп, энергетика, көлік, «жасыл» экономика, ауыл шаруашылығы және өзге де бағыттардағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру жөнінде пікір алмасты.
«Қазақстан мен Қытай Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша ынтымақтастықты жалғастырып келеді. Бүгінде бұл бағыт Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін тиімді қамтамасыз етеді. Қазақстан мен Қытай арасында «Аягөз-Тачэн» үшінші темір жолының құрылысы басталып жатыр. Сондай-ақ үшінші шекаралық теміржол өткізу пунктін ашу жоспарлануда. Орта дәліздің әлеуетін неғұрлым белсенді пайдалану елдеріміз арасындағы транзиттік-көліктік ынтымақтастықты кеңейтуге ықпал ететіні сөзсіз» Мәулен Әшімбаев
Сұхбат кезінде Чжао Лэцзи екі мемлекеттің басшылары белгілеп берген міндеттерді бірлесіп іске асыруға дайын екенін білдіріп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы және басқа да бірлескен жобаларды іске асыру перспективаларын жоғары бағалады.