Астанада Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтің төрағалығымен өзара іс-қимыл жасайтын органдар басшылары мен әскерлердің қолбасшылық құрамының қатысуымен ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Әскери кеңесі өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Отырыста өткен кезеңдегі қызметтік-жауынгерлік қызметтің қорытындылары қаралды.
Кеңесті аша отырып, Министрлік басшысы Ұлттық ұлан ІІМ жүйесінде елдегі қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде басты рөлдердің бірін атқаратынын атап өтті.
Ұлттық ұлан қойылған міндеттердің орындалуын, оның ішінде су тасқыны салдарын жоюды тиісті деңгейде қамтамасыз етті. Өткен жылы Мемлекет басшысы ведомстволық авиациялық базаны ашты. Материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі жоспарлы түрде артып келеді Полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов
Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының бірінші орынбасары - Бас штаб бастығы генерал-майор Қайрат Ақтанов баяндама жасады. Кеңес қатысушыларына әскери қызметшілердің бірлескен оқу-жаттығуларға қатысуы, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, оның ішінде маңызды қоғамдық-саяси іс-шараларды өткізу кезеңінде, патрульдік-бекеттік қызметтің міндеттерін орындау, құқық бұзушылықтардың жолын кесу, арнайы мақсаттағы бөлімшенің жауынгерлік әлеуетін арттыру туралы баяндалды.
Сонымен қатар, өңірлік қолбасшылықтар қолбасшыларының есептері тыңдалды.
Әскери кеңес отырысын қорытындылай келе, министр әскерлердің жауынгерлік дайындығы мен жауынгерлік қабілетін қамтамасыз ету бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.
Өз кезегінде Ішкі істер министрінің орынбасары - Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков жүктелген барлық міндеттер толық көлемде орындалатынына сенім білдірді.
Жиын соңында, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденов ардагерлер мен жеке құрамды Ұлттық ұлан күнімен құттықтап, қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындауда табыс тіледі.