Таяуда Ресейдің Саратов қаласында унифайт спорт түрінен әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған байрақты бәсекеде екі жүзден астам балуан боз кілемде кім мықтыны анықтады. Тартысқа толы додада ел намысын Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 5518 әскери бөлімінің жауынгері капитан Медет Сәметаев қорғады. Әскери қызметші румын, өзбек спортшыларынан басым түсіп, ақтық сайыста ресейлік қарсыласына есе жіберді. Нәтижесінде 95 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионында екінші орын иеленіп, күміс жүлдегер атанды.
- Бұл әлем чемпионаты болғандықтан бұл жерден осал спортшы табылмады. Менімен күш сынасқан қарсыластарымның барлығы да ерекше дайындықпен келген. Осы орайда, маған қолдау танытқан бапкерім әрі туған ағам Айбек Сәметаевқа алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта Алматы қаласында қоян-қолтық ұрыстан Ұлттық ұлан арасында өтетін жарыс бар. Сондықтан, арқаны кеңге салмай, қазірден бастап қызу дайындық үстіндемін,- дейді 5518 әскери бөлімінің қызметшісі капитан Медет Сәметаев.
Аягөз қаласының тумасы мектеп қабырғасында бокспен шұғылданған. Он бес жасынан спорт әлеміне қадам басқан әскери қызметші халықаралық байрақты бәсекелерде ел намысын әлі де абыройлы түрде қорғауды мақсат тұтады. Еске салайық, унифайт спорт түрі жекпе-жек спорттарының әртүрлі техникаларын қамтиды. Аталмыш спорт түрінде физикалық күшпен қатар, спортшының тактикалық ойлауы мен стратегиясы маңызды рөл атқарады.