Қаймықпас қырағылық қырандары

5412
Фотосурет: ҚР ҰҰ баспасөз қызметі

Сайдың тасындай сайдауыл сарбаз  сан түрлі жағдайға сақадай сай әзір. Сыптығыр болмысы ширыққан ол сынаптай сырғыған  уақытта сілтідей тынып, Отан қорғау жолында  туабітті  жауынгерге айналды. Бүгінгі сұхбат «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің мерзімді  әскери қызметшісі  Әлихан Оразаевқа арналады. Азамат құқықтық тәртіп әскері қатарына қосылуын - қоршаған ортасында белең алған оқиғалармен сабақтастырады.

Есенбісің Әлихан? Отан алдындағы борышыңды Ұлттық ұлан қатарында өткеруге  себеп болған жағдаяттарың қандай?

- Бәрі де ойдағыдай, Рүстем мырза. Адамға өскен ортасы ықпал етпей қоймайтын тәрізді.Мысалы, мен Түркістан облысынан әскерге шақырылдым. Әскерге дейінгі өмірімнен бір үзік оқиғаны баян етейін. Жалынды студенттік жылдардан кейін зырылдаған өмір күрт өзгеріске ұшырайтындай. Еңселі білім ордасын өзіңмен бірге тәмамдаған үзеңгілес қатарластарың жалақысы  жоғары жұмысқа кіріп, аздаған уақыттан кейін бәз біреуі  қымбат  көлік тізгіндеп, кейбіреуі болса үйлі болып шыға келеді. Ал, сенің әлі де шай-пұлыңнан аспайтын жалақыға қарап күнелткенің шынымен  жаныңа батады. Мардымсыз нәпақаны талғажау еткеніңе бурадай буырқанып аласұрғаныңмен, іштей тынасың. Мен сияқты қомақты ақша төлейтін лайықты жұмыс тапсам деген аудандағы жолдас жігіт те талай кеңселердің табалдырығын тоздырып, кенеуі кетті. Екеуімізді бокс үйірмесі таныстырған. Талай жыл атақты боксшы боламыз деп былғары қолғап киіп едік, енді міне қу тұрмыстың да қамытын бірге кидік. Бізге спорттың сеңгір асқарларын бағындыруға тәртіп пен жауапкершілік және күйбең тірлікке шырт түкіріп, спортқа ғана өміріңді арнайтұғын байқуатты жағдай да жетіңкіремеді. Күндердің күні әлгі танысым, OLX сайты арқылы курьер жұмысын тапқан көрінеді. Ұсынған жалақысы жанына майдай  жаққан  соң  ләм-мим деместен, қос білегін түріп,  бірден кірісіпті.  Алайда, жайшылықта жаймашуақ жайдарлы қалыпта жүретін балаң шақтағы досыммен жүздескенімде бұл жолы атқаратын  жұмысы жайында  ауыз толтырып ештеңе айт-

пады. Бұдан кейін де жолығып, қал-жағдай сұрасқанымда да   әңгімесін  қысқа қайырды. Автобус аялдамасына  тұрған   мен  жол  бойынан  такси  тоқтатып,  мініп  кеткен оның су жаңа  жұмысына қызыға бастадым. Ығай-сығайлар ғана бас сұғатын мейрамханадан ауқаттанатынын да талай  көзім шалды.  Мен оның суыт жүрісті, жеті қарап, бір шоқитын  сауысқандай  сақ қимылынан  ұлттық қауіпсіздік қызметіне кіріп кеткен бе деп топшыладым. Алайда,  бәрі  мен  ойлағандай  болмай шықты.

Оны қайдан аңғардың?

- Кездейсоқ кездесуден. «Поймайте его» деп сұрқай көшені басына көтерген зәрезап  дауыстан ел дүрлігіп кетті. Көз жүгіртіп едім медициналық маскамен тұмшаланған біреу орғи жүгіріп бара жатыр. Артынан тұра ұмтылғандарға жеткізер емес. Дене болмысы менің танысыма келіңкірейді. Қашып бара жатқан қаймана алып дарбазадан қарғып өтіп, көзден таса  аумаққа лезде  еніп үлгерді. Әлгі шырамытқан сол ма деп,  қуғыншы топтан айғай-шудың мән-жайын сұрауға тырыстым.Күдіктіден көз жазым жерден айырылып, ашуға булыққан қуғыншылар жеткізбей кеткен желаяқты «Үй ауласына есірткі  жасырып жүр. Он закладчик» демесі  бар ма? Төбе  шашым тік тұрды.  Алайда, мұндай қадамға барған адамды соңына дейін  менің  танысым  болмай  шықса  екен  деп үміттендім.  Байыбына  бару  үшін  жедел  үйіне  тарттым. Есік алдында өзі қарсы алды. Құдды үйге шақырған арнайы қонағын асыға күтіп жүргендей алдымнан атып шықты. Бір ажалдан аман қалғандай, түрі бозарып кетіпті. Екеуіміз қол алысқанда тершең алақанынан діріл байқадым. Манарақта болған жағдайды жайып салмастан бұрын, не бітіріп жүргендігін тағы да сұрадым?

Ол  мойындады ма?

- Иә. Мойындады. Ақшаны осылай табамын деп мойны ырғайдай, биті торғайдан болыпты. Жасаған  әрекеттерінің  қып-қызыл қылмыс екендігін енді ғана түсінгендей. Алайда, ол өзімен қатар, басқаларға да қаншама зиян әкелгендігін  түсінбеген сияқты. Өйткені,   маңайдағы достарым болса, керісінше есірткіге құмар болып,  достық  ортадан  біртіндеп  шығып жатты. Бұл жағдай асылы, мені алаңдататын еді. Қатарластарымның есірткіге  тәуелді болғанына жаным ашитын. Дел-сал күйде қарызға ақша сұрап келетұғын. Бұл оқиғалардан кейін менің жарқын күндерге ұмтылған, студенттік шақтағы сәтті  өмір сүрудің  сүрлеуін салған достарымдай болуға талпынған өміршең үмітім өлеусіреп бара жатты. Есірткіге тәуелділік нашаға құмар жастарды түрлі ұсақ-түйек қылмысқа да итермелейтін. Яғни, көрдіңіз бе? Есірткі тасымалдаушының істеген қылмысы тағы бір адамды қылмысқа итермелеп жатты.

Мұндай қоғам дертін алдын алуға болар ма еді?

- Әрине, болады. Ол үшін елдегі жұмыссыздық мәселесін шешу керек сияқты. Өйткені, интернет арқылы басқа жұмыс-ты ұсынып, сиырқұйымшаққа салып, түбінде басқа дүниеге  итермелейтін айлакердің құрбанына айналғандар өте көп. Менің  танысым  да дәл солай синтетикалық заттарды тасуға әуес болды. Әуес қылдырған  оның қара ниеті емес, қалтаны  қампитатын мол табысы еді. Курьер  қажет деп шақырып алып, қылмысқа душар етер қадамдарды  басуға  мәжбүрлейтін зымияндарды тырп еткізбей ұстап,  темір тордың  ар жағына қамау қажет. Мен әзірше мұндай өзекті мәселелердің шешімін таба алмаймын. Дегенмен Ұлттық ұлан қатарында жүріп, есірткі тасымалдаушыларды құрықтай аламын.  Осылайша, есірткінің таралу жолдарына  балта шабамын. Ұлттық ұлан сапында қызмет етуімнің де себебі осында жатыр. Түйіндей келгенде,  Ұлттық ұлан менің мақсаттарымның жүзеге асуына серпін беретін әскери орта.

Оларда көлденең көк аттыларды қатарларына ала қоймас.  Физикалық қабілеттілігі мен шапшаңдығына мән беретін болар. Сондықтан  ұрда-жық сәттерде  мықты болу керек шығар?

- Жаяу  жасақ  құрамындағы  мерзімді әскери қыз-метшілердің  жекпе-жек  ұрыс тәсілдерді жетік меңгеру деңгейлері әрқашан  сын-сынақтан өтіп, үнемі бақылауда болады. Өйткені, жауынгерлік қызмет уағында бұзақы қол көтеріп, суық қару пайдаланған сәтте тойтарыс беру қажет. Бірақ та, мен де едәуір жыл шаршы алаңда тер төгіп, байрақты бәсекеде топ жармасам да, жұдырықтасуға әбден дағдыландым. Әскерге дейін де шымыр білекті едім. Бұл жақта одан сайын шыңдала түсудемін. Иә, есірткімен айналысатындар да менің досымның ширақ қимылынан қатарларына жақын тартса керек.  Көз ілеспес жылдамдықта ізім-ғайыпқа айналатын  жылпостарға мен сияқты құбарландар қажет. Сондықтан жауынгерлік жасақ ішінде күдікті шаруасын бітіріп, тұра қашқанды көрсем, қуып жетпей тоқтамаспын. Бойына спортты серік еткен жан болсам да, бәлкім атағынан ат үркіген ығай-сығай желаяқтардың шаңына көміліп қалармын. Дегенмен анау-мынауды қуып жетуге әуселемнің жететіндігіне нық сенімдімін. Егер мен көшеде синтетикалық есірткімен айналысып жүрген қаймананы құрықтасам - Отан алдындағы борышымды абыройлы атқарғанымның  айшықты көрінісі деп есептеймін.

Қала тыныштығын күзетуде қайтпас қайсарлық танытып,  оқыс оқиғаларға  оқжыландай бас көтеру Отанға деген шексіз адалдығыңның айшықты белгісі деп білемін.  Жауынгерлік қызмет барысында бұдан өзге  қандай жағдайлар болды?

- Біздің мақсат тұрғындардың бейбіт өміріне қауіптілік туғызбау. Сондықтан  күнделікті  әскери міндетімді орындау  барысында әкімшілік құқық бұзған,  қылмысқа қатысы бар күдіктілерді ұстауда барымызды саламыз. Жауынгерлік  қызметке  кіріспес  бұрын, саптық алаңда бұйрық беріліп,  із-түссіз  жоғалғандар мен   іздеуде  жүрген  қылмыскерлер  туралы  ақпарат айтылады.

Желтоқсан айынан бастап әскери бөлімінің жауынгерлерімен және полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, ішкі істер органдарына түрлі құқық бұзғаны үшін жүзге жуық адам жеткізілген. Қатардағы жауынгер Әлиханның да бұл бағытта атқарған жұмысы жетерлік. Кезекшілік барысында әскери  жасақ рациясына күйеуім көкала қойдай сабап,  қашып кетті деген  жедел хабар келіп  түседі.  Оқиға болған  аумақты жіті бақылауға  алған  әскери  жасақ  үштігі  белгісіз  жаққа  бет алған күдіктіні іздеуге шығады.

Әйелінің басына әңгіртаяқ ойнатқан күйеуі әлі де ашуынан қайтпаса, кездейсоқ алдынан шыққандарға қоқан-лоқы көрсетуі әбден мүмкін еді. Сондықтан шұғыл арада табу қажет болды. Егер таксиға отырып кетсе, онда  жауынгерлік жасақ үшін іс насырға шапқаны. Тепкіге ұшыраған жұбайы ерінің ішімдікке сылқия тойып алғандығын ескерткен болатын. Сондықтан үй ауласынан жоқ іздеп таппаған Ермекбай сауық құру орындарын аралауды жөн санайды. Мерзімді әскери қызметшінің бұл пайымы бекер болмады. Әлі де райынан қайтпаған күдікті үй маңындағы кафе ішінен табылды. Ішімдікке сылқия тойып алғанды Әуезов аудандық полициясына жеткіздік. Біз кейде сауда орындарында келеңсіз  жағдай туындап, оқиға орынына жедел жетеміз. Сатып  алушылардың бет тырнасып, қан жоса болған түрлерін көріп,  себебін  сұрағанда  жағаңды ұстайсың. Болмашы кезек  үшін немесе науқан бойынша  сатылымға түскен тауар үшін бет жыртысуға  барғандарға  да  куә болдым. Бір жолы  шекер қабына таласқан екі әйел арасындағы ушыққан айғай-шуға да тап болдық. Кімнің ақ, кімнің қара екендігін анықтамастан бұрын,  араша болдық. Бұндай  оқиғалардан кейін  қоғамның қатігез, ашкөз екендігіне көзің жетеді.

Семей қаласының бұралаң көшесін  бетке алып бара жатқан сырықтай ұландықтар кезекті жауынгерлік қызметтерін атқаруда. Мерзімді әскери қызметшілердің бойындағы Отанға деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін олардың алшаң басқан жүрістерінен-ақ  аңғаруға болатындай.

Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым, Семей қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -