Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Шымкент қаласындағы өңірлік өкілдері басқармасы бастығының 2025 жылғы 15 қаңтардағы №05 бұйрығына сәйкес «Cash-U» микроқаржы ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Лицензиядан айыру үшін «Микроқаржылық қызмет туралы» ҚР Заңының 16-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес қызметін Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарын, сондай-ақ уәкілетті органның, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актілерін жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) бұза отырып жүзеге асыру негіздеме болды.
«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес МҚҰ Агенттік микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туындайтын, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын болжайтын сөздерді немесе аббревиатураларды алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті.
Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері, МҚҰ алдындағы міндеттемелердің орындалуын бұзғаны үшін, микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жауапты болады.