Ағымдағы жылдың 15 қаңтар күні ҚР Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінде қаңтар айында ант қабылдаған 2-2024 шақырылымының жас сарбаздарына алғашқы жауынгерлік қарулары табысталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты іс-шараға әскери бөлім офицерлері мен сержанттары белсене қатысты. Іс-шара барысында жас сарбаздарды әскери бөлім командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары подполковник Мақсат Мукаев құттықтады.
- Құрметті жас сарбаздар бұл күн сіздер үшін маңызды күн. Себебі сіздер кеше ғана Отан алдында ант қабылдап, бүгін міне қолдарыңызға жауынгерлік қару алдыңыздар. Алдағы қызметтеріңізге толағай табыс, елімізге бейбіт аспан тілеймін. Қолдарыңызға берілген қаруды тек оқу-жаттығу мақсатында қолдануларыңызға тілектеспін, - деді подполковник Мақсат Мукаев.
Іс-шара соңында табысталған қарулардың атауы мен нөмірлері, берілген күні Отан қорғаушылардың әскери билеттеріне жазылды. Қару асынған сарбаздар қылмыстық түзеу мекемесінде қызмет атқаратын болады.