Бұқар жырау ауданында биыл сапалы ауыз су мәселесін толық шешу көзделген. Бес ауылда жұмыстар жүргізілуде, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылдың қорытындылары мен биылғы жоспарлар туралы аудан әкімі Ерлан Құсайын Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтып берді.
– Елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету - басты міндеттердің бірі. Бүгінде біздің ауданда халықтың орталықтандырылған сумен жабдықтауға қолжетімділігі 99% -ды құрайды. Мақсат - таяу уақытта көрсеткішті 100% -ға жеткізу. Өткен жылы Ақжар, Астаховка, Доскей, Трудовое, Аюлы, Алабас ауылдарында және Қушоқы кентінде су құбырларын жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Ескі Тұзды, Стан және Севан ауылдарында суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылады. Жаңаауыл және Бірінші Май ауылдарында су құбыры желілері жөнделеді. Осылайша, жыл соңына дейін ауданның барлық елді мекендерін таза ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланған, – деп хабарлады Ерлан Құсайын.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы да өңірдің инфрақұрылымын жақсартуға көмектесуде. Бұқар жырау ауданының 68 елді мекенінің 46-сы осы жобаға енгізілген. Өткен жылы 19 жоба іске асырылды. Мысалы, Ғабиден Мұстафин ауылында дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылды, Үштөбе және Доскей ауылдарында клубтар салынды. Сегіз елді мекенде жолдар жөнделді.
Биыл жобаны жүзеге асыру жалғасады. 14 жоба жоспарланған. Олардың қатарында Қушоқы ауылындағы ДСК, Көкпекті ауылындағы клуб құрылысының аяқталуы бар. Жолдарды жөндеу Новоузенка, Жаңаталап, Ақбел, Ақтөбе, Петровка, Центральное, Көкпекті, Атамекен ауылдарында жүргізіледі.