Өскемен қаласында өткен әскери кеңеске Ұлттық ұланның "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев және өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердің командирлері мен басқарма офицерлері қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Дөңгелек үстел барысында генерал-майор Арман Мақсотұлы Ұлттық ұлан жеке құрамының орындайтын міндеттерін тілге тиек етіп, офицерлер мен сержанттардың әдістемелік шеберлігін ұдайы дамытып, жауынгерлік қызмет барысында жеке құрамның денсаулығын сақтауды және де ауқаттану жайын басты назарда ұстау керектігін айтты. Ал "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік - құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Атабек Салықбаев болса 2024 жылғы өңірлік қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдердегі заңдылық пен әскери тәртіптің жай-күйі туралы мазмұнды баяндама жасап, 2025 жылдың 1 жартыжылдығына арналған тапсырмаларды қойды.
Әскери кеңес қарсаңында қолбасшылыққа қарасты әскери бөлім командирлері арасында оқу-әдістемелік жиын ұйымдастырылған болатын. Жиын барысында Ұлттық ұланның өзекті тақырыптары талқыға түсіп, оның шешу жолдары қарастырылған болатын. Аталмыш жиыннан кейін әскери кеңеске бет алған бөлім командирлері іс-шарада баяндамалар оқыды. Әскери кеңестің соңында жауынгерлік қызмет пен жауынгерлік даярлықтың және әскери бөлімдегі заңдылық пен әскери тәртіптің нәтижесі бойынша үздік деп танылған әскери бөлімдер "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының дипломдарымен және ауыспалы кубогымен марапатталды.
Марапаттау барысында 5511 әскери бөлімінің командирі полковник Айбек Исеновке әскери бөлімнің қызметін қамтамасыз етуге арналған «SsangYong» маркалы қызметтік автокөліктің кілті табыс етілді. Еске салайық, Семей қаласында орналасқан 5511 әскери бөлімі өткен жылы «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында өткен инспекторлық тексеріс қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізген болатын.