Бюджет пен салық: алдағы жылдары Қазақстанды қандай өзгерістер күтіп тұр?

1991
Фотосурет: UKIMET

Бюджеттік-салықтық реформалар жобасы сарапшылармен бірге талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министрдің бюджеттік-салықтық саясатты реформалаудың жаңа тәсілдерін әзірлеу туралы тапсырмасына сәйкес, вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин ҰЭМ жанындағы Сараптамалық кеңестің бірінші отырысын өткізді. 

Кеңес отырысына қаржы министрі Мәди Такиев, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов, ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, 20-дан астам сарапшы, оның ішінде, ірі қаржылық, инвестициялық, талдау және консалтингтік ұйымдардың, Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы кеңесінің, «Атамекен» ҰКП басшылары  қатысты.

Жиынға қатысушылар бюджет табыстылығын арттыру шараларын, атап айтқанда, жаңа Салық кодексін әзірлеу шеңберінде ұсынылған жаңа және қазірдің өзінде ұсынылған шаралар кешенін талқылады. Қатысушылардың көпшілігі кодекстің жаңа редакциясында ұсынылып отырған бірқатар қолданыстағы салық жеңілдігін алып тастау, банктер мен қаржы ұйымдары үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) мөлшерлемесін арттыру, мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сыйақыларға салық салуды енгізу мерзімдерін 2030 жылдан 2026 жылға ауыстыру, ойын бизнесіне салық салуды қайта қарау жөніндегі шаралармен келісті. Аталған шаралар жиынтығында бюджетке түсетін кірістер табыстылығын 1 трлн теңгеден астамға арттыруға арналған.

Алайда, бұл шаралар шығындар мен бюджет кірістері арасындағы қалыптасқан алшақтықты жабу үшін жеткіліксіз. Кеңесте атап өтілгендей, жыл сайын бюджетке түсетін салмақ артып келеді, әлеуметтік шығындар өсуде, ал экономиканың нақты секторын дамыту бюджет шығыстарының 10%-ынан азын құрап отыр. Салықтық-бюджеттік салаларда реформаларсыз жағдайды түзеу мүмкін емес.

Кездесуге қатысушылар ақша-несие және фискалдық саясат арасындағы теңгерімсіздікті теңестіру әрі салық салу жүйесінің тиімділігін арттыру бойынша өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

«2025 жыл Қазақстан үшін оңай болмайды. Біз өткен жылдардағы кейінге қалдырылған ұзақ уақытқа созылған реформаларды қабылдауға мәжбүр боламыз. Бұл – мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауды жалғастыра алатындай бағаны нарықтық жағдайға келтіру. Өкінішке қарай, қазір салықтарға қатысты жағдайды түзету, оларды әкімшілендіруді жақсарту, тіпті кейбір жағдайларда мөлшерлемелерді қайта қарау үшін бірқатар танымал емес реформаларды қабылдауымыз керек. Ең бастысы, мұны Ұлттық қорды сақтау үшін емес, экономиканың нарықтық экономикаға айналуы үшін жасауымыз керек. Жаңа Салық кодексі, бүгін біз талқылаған ұсыныстардың кейбірі көп ұзамай көпшіліктің игілігіне айналады. Мен барлығын өз пікірін айтуға шақырамын» «NAC Analytica» КҚ» (NU) басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов

«Бүгін біз ҚР Ұлттық экономика министрлігімен дайындалып жатқан жаңа Салық кодексі туралы әңгіме қозғадық. Сөз ұсынылып жатқан көптеген өзгерістер турасында болды. Сол себепті қазір қарастырылып жатқан Салық кодексі ең алдымен еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Әрине, салықтық әкімшілендіруді жақсарту, салық мөлшерлемесін көтеру немесе азайту сынды көптеген ұсыныстар бар. Осы орайда бізге халқымыздың болашағын жақсартуға үлес қосатын шешімдер қажет. Бүгінгідей кездесулердің маңыздылығы да осында жатыр» экономист Ғалымжан Айтқазин

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -