Сенаторлар заң шығару жұмысында азаматтардың идеяларын ескереді

2134
Фотосурет: ©️ Н.Байбулин /Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата Бюросының отырысы өтті. Онда сенаторлар 23 қаңтарда болатын Сенат отырысының күн тәртібін бекітті. Сондай-ақ депутаттардың желтоқсан, қаңтар айларында ұйымдастырылған өңірлерге сапарлары кезіндегі жергілікті тұрғындармен кездесулері қорытындыланды, деп хабарлайды DKnews.kz. 

Палата Төрағасы сенаторлар халықпен кездесулерде көтерілген өзекті проблемаларды депутаттық сауалдарға арқау етіп, оларды шешуге белсенді атсалысу керек екенін атап өтті.

«Жергілікті тұрғындармен кездесулерде азаматтарымыз өздерін алаңдатқан өзекті мәселелерді көтерді. Өңірлердің мүддесін қорғайтын Палатаның депутаттары ретінде сенаторлар аймақтарды дамыту мәселесіне ерекше мән беруі қажет. Сол себепті, алдағы уақытта іссапарлардың нәтижесі бойынша маңызды депутаттық сауалдар жарияланып, азаматтардың ұсыныстары Палатаның заң шығару қызметінде ескеріледі деп сенемін» Мәулен Әшімбаев

Сонымен қатар Бюро отырысында осы аптада өткізілетін іс-шаралар талқыланды. Бұл аптада ЕАЭО-ның ішкі шекарасында шекаралық өткізу пункттерін реконструкциялау және салуға, салықтық және кедендік ақпараттық жүйелерге, азаматтарды әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге үйрету үшін орталықтар құру және олардың жұмыс істеуіне қатысты мәселелер бойынша мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер жоспарланған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру және медициналық сақтандыруды дамыту мәселелеріне арналған Сенат комитетінің кеңейтілген отырысы өтеді.

Отырыс кезінде Бюро мүшелері Палатаның алдағы бейсенбіде болатын отырысының күн тәртібіне «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру және тәлімгерлік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды шығарды. Бұл заңның нормалары мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту, оның мәртебесін нығайту, бала құқықтарын қорғау және білім беру саласындағы ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруге арналған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -