Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы өтті. Республикалық және өңірлік деңгейдегі іс-шаралар жоспары қаралды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жалпы жоспар 70 қадамнан тұратын 7 негізгі бағытты қамтиды. Оның негізінде 20 аймақтық бастама белгіленді. Олардың аясында жұмысшы мамандықтарды даярлау жүйесін жетілдіру, мектеп оқушыларына кәсіптік бағдар беру, жұмыс берушілерді ортақ іске қатыстыру секілді әрекеттер қарастырылған.
Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан биыл елімізде 12 ірі республикалық және халықаралық шара ұйымдастырылатынын баяндады. Олардың алғашқысы ақпан айында елордада өтпек. «EXPO» көрме орталығында «Жұмысшы мамандықтары қаласы» атты бірегей фестиваль жоспарланған. 5 күндік іс-шарада болашақ мамандықтар, инновациялық технологияларды көрсете отырып, жұмысшы мамандықтардың әлеуетін паш ету көзделген. Фестивальде экономиканың нақты секторындағы сұранысқа ие бағыттарға арналған павильондар жұмыс істемек. Оған барлық өңірдегі ірі кәсіпорындар, салалық одақтар жұмылдырылады.
Сондай-ақ отырыста «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының Жұмысшы мамандықтары жылы аясында атқаратын шаралары мен алдағы жоспарлары қарастырылды. Оған тиесілі компаниялар тобында 255 мыңнан аса адам қызмет атқарады, олардың 190 мыңға жуығы жұмысшы мамандық өкілдері. Әлі де 5 мың маманға сұраныс бар. Сондықтан оқу орындарымен дуалды оқыту жөніндегі келісімдер, бос орындар жәрмеңкелері, жас мамандарды дамыту бойынша бағдарламаларды жүзеге асыру көзделіп отыр.
«Самұрық-Қазына» АҚ 2032 жылға дейін 46 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Оның аясында жалпы саны 64 мыңнан аса жұмыс орны құрылады. Акционерлік қоғам жұмысшы мамандарды әзірлеуге ат салысуға мүдделі.
Салалық министрліктің ұсынған шаралар тізбегінде Орталық Азия елдері өкілдерінің қатысуымен ІС3 халықаралық форумы, республикалық INNOVATION хакатоны, сондай-ақ, алғаш рет Ақтау қаласында TURKICSKILLS кәсіптік шеберлік чемпионаты да бар.
Сонымен қатар комиссия назарына ірі кәсіпорындардың Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жоспарлаған шаралары да ұсынылды. ERG, Allur Group компанияларының өкілдері салалық оқу орындарымен әріптестік қарым-қатынасы, жұмысшыларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары, алдағы уақыттағы жоспарлары туралы баяндады.
«Ең негізгі мақсат – жұмысшы мамандардың мәртебесі мен беделін көтеру екенін ұмытпаған жөн. Бұл ретте барлық мүдделі мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер, кәсіпорындар мен маман даярлайтын оқу орындарының үйлесімді жұмысы маңызды. Сондықтан жоспарда көрсетілген шаралардың мерзімінде әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын» Тамара Дүйсенова
Вице-премьер жұмысшы мамандардың мәртебесі мен беделін көтеру ісі тек бір жылмен шектелмейтініне баса мән беріп, бұл бағыттағы жұмыс тұрақты түрде жүргізілетінін айтты.
Комиссияның кезекті отырыстары көшпелі форматта ай сайын өткізілмек. Онда жоспарға сәйкес атқарылған шаралар сараланып, тиісті нәтиже шығарылып отырады.