Ұлттық ұланда тұғыш рет вагондағы музей ашылды

2068
Фотосурет: ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ұлттық ұланның Астана қаласында орналасқан 6636 әскери бөлімінің құрылғанына 20 қаңтарда 64 жыл толды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Атаулы дата қарсаңында әскери бөлім аумағында қамауда отырған адамдарды айдауылдауға арналған вагон ішіндегі музей ашылды.

Бүгінде музейге айналған вагон бұрындары сотталғандарды тасымалдау кезінде қолданылған. Ал қазір оның іші құқықтық тәртіп әскері атқаратын жауынгерлік қызмет жайындағы ақпараттар мен естеліктерге толы. Онда аталмыш қызметке қатысты жәдігерлер мен макеттер қойылған.

Бүгін – біздің әскери бөлімнің құрылған күні! Осы мерекеге байланысты концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Оған әскери бөлімнің жеке құрамы және құрметті қонақтар мен ардагерлер арнайы шақырылды. Біз бүгін сарбаздар мен сардарларға әскери бөлімнің терең тарихынан сыр шертіп, мерекелік көңіл күй сыйлаймыз. Сондай-ақ іс-шараға айдауылдау вагон мұражайының ашылуын да қостық 6636 әскери бөлімінің командирі полковник Ерлан Буранбаев

Әскери бөлімнің құрылған күнін атап өту барысында жаңа музей салтанатты түрде ашылды. Дәстүрлі қызыл лентаны әскери бөлімнің командирі полковник Ерлан Буранбаев пен 13 жыл бойы аудауылдау батальонында қызмет атқарған запастағы полковник Аманжол Елеуқұлов кесті. Осыдан кейін Әскери бөлім күніне арнайы келген қонақтар мен ардагерлер музей ішін аралап көрді.

- Мен 22 жыл ғұмырымды осы әскери бөлімнің қабырғасында өткізіппін. Бүгін музейге айналған вагонға кіргенде өзім қызмет атқарған шақтар еріксіз ойыма оралды. Мәселен, қабырғада ілінген көне суреттер айдауылдау қызметінің қалыптасу кезеңдері жайында құңды ақпарат беріп тұр, – деді запастағы полковник Аманжол Елеуқұлов.

Вагондағы музейдің 6636 әскери бөлімінде ашылуының өзіңдік бір мәні бар. Cебебі, 1961 жылы 20 қаңтарда Тың өлкенің құрылуына байланысты Қазақ КСР Ішкі істер министрінің № 016 бұйрығымен Қазақ КСР ІІМ ішкі күзетінің 246 жасағы құрылып, оған № 6636 берілді. Оның құрамына Петропавл, Қостанай, Павлодар, Атбасар қалаларында, Жолымбет кенішінде, Вишневка, Құсмұрын, Алексеевка кенттерінде орналасқан 10 команда және 2 жеке топ енді. Жасақ штабы Целиноград қаласында орналасты. Бөлімнің жеке құрамы құрылған сәттен бастап еңбекпен түзеу колонияларын күзету жөніндегі маңызды міндеттерді орындады, сотталғандарды және сот процестері барысында қамауға алынған адамдарды, сондай-ақ автомобиль және теміржол бағыттары бойынша Ақмола гарнизонының әскери сотында айдауылдауды жүзеге асырды. Әскери бөлім осы бір міндетті ширек ғасырдан астам уақыт атқарып келеді.

Осындай айтулы күнде Ұлттық ұлан Ән-би ансамблінің солистері мен бишілері әскери бөлімнің сахнасында өз өнерлерін көрсетті. Қараөткел ауылдық округының оқушыларынан құралған «Серпер» тобы әскери қызметшілерге күйден шашу шашты.

Іс-шарада Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің, Астана қаласының Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің, Астана қаласы бойынша «Халық банкі» АҚ-ның және елордалық бригада 5573 әскери бөлімінің өкілдері құттықтауларын жеткізіп, сыйлықтарын табыс етті.

Айта кетейік, бұдан бөлек Отан алдындағы қызметін абыроймен және белсенді атқарып жүрген бір топ әскери қызметшілер мен сарбаздар марапатталды.

Еске салайық, қазіргі уақытта бөлімнің жеке құрамы Ақмола гарнизоны соттарының қарауылдарын қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарады, сондай-ақ ҚР ІІМ Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығын материалдық және қызметтік қамтамасыз етумен айналысады.

Мұнда әр жарты жыл сайын азаматтар еліміздің түкпір-түкпірінен әскерге шақырылып, ант қабылдап, өз қызметін лайықты атқарады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -