Ұлттық ұлан сапына Семей қаласынан шақыртылған Арман Тұрсынтаев елімізге белгілі әнші Гүлдана Ноғайбаеваның баласы, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мәдениет саласының үздігі, танымал дәстүрлі әншінің ұлы Арман «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтейді. Отан қорғаушы анасындай өнер жолын таңдамаса да, спорт саласында айтарлықтай жетістікке жеткен. Он үш жасынан бастап үстел теннисімен шұғылданған азамат бүгінгі таңда аталмыш спорт түрінен спорт шеберіне үміткер.
- Мен 2018 жылдан бастап үстел теннисіне қатысамын. Павлодар қаласында өткен халықаралық сайыста былтыр бағымды сынап көрдім. Нәтиже жаман емес. Өскемендегі әскери бөлімде мерзімді әскери қызметімді өткеріп болған соң, үстел теннисінен шеберлігімді шыңдап, ел намысын байрақты бәсекелерде қорғағым келеді, - дейді Арман Тұрсынтаев.
Салтанатты шараға Ұлттық Ұлан өңірлік қолбасшылығының әскерилер мен ардагерлер қатысты. Олар жастарға ізгі тілектерін жолдады. Сап түзеген сарбаздардың семсер сүйіп серт берген мерейлі сәтіне ата-аналар қауымы да куәгер болды. Шара шымылдығын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев ашты.
Бүгінгі кеште әрбір ант қабылдаушы өзіне жүктелген міндетті үлкен жауапкершілікпен сезінгені анық. Өйткені, салтанатты рәсім әскерилер үшін ерекше жоралғы саналып, сарбаз бойындағы патриотизмді арттырып, Ұлттық ұлан қатарында адал қызмет атқару тәрізді қасиеттерге тәрбиелейді. Айта кетейік, Өскемен қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтейтіндер Абай, Алматы, Түркістан облыстарынан және Алматы және Павлодар қаласынан шақыртылған.