Ирактағы миссия кезеңінде әскери инженерлер 4,5 миллион жарылғыш заттарды жойды, деп хабарлайды DKnews.kz.
21 қаңтарда 1993 жылы құрылған ҚР Қарулы күштері Инженерлік әскерлерінің әскери қызметшілері кәсіби мерекесін атап өтеді.
Әскери инженерлер үшін "Қазбат" батальонының Ирактағы бітімгерлік миссияға қатысуы тарихи оқиға болатын. Олар тұрақтандыру күштерінің құрамында жарылмаған оқ-дәрілерді іздеп-тауып, оларды жою, ауыз сумен қамтамасыз ету пунктерін жабдықтау және басқа да тапсырмаларды орындады. Іс-шараларға барлығы 10 инженерлік-саперлік жасақ жұмылдырылды.
2003 жылдың тамызынан 2008 жылдың қазанына дейін олар 4,5 миллионнан астам жарылғыш заттарды жойды, 19 км-ге жуық жарылғыш емес тосқауылдар мен 617 сигналдық миналар орнатты, шамамен 7000 текше метр су тазартылды.
"Қазбат" бітімгерлері "Дельта" базасы периметрінің 9 646 метрін жарылыс қаупі бар заттардан тазартты. Оның айналасына 4,5 км жарылысқа қарсы тұрарлық тосқауыл қойды.
Сонымен қатар, олар әртүрлі күштік құрылымдарға жарылғыш заттарды жоятын 570-тен астам маман және Ирактың қауіпсіздік күштері үшін 12 әскери сүзгі станциясының есептоптарын дайындады.
Жалпы Ирак Республикасында коалициялық күштер құрамында ҚР Қарулы күштерінің 290 әскери қызметшісі болды.
Ирактағы бітімгерлік миссия қазақстандық жауынгерлер үшін халықаралық деңгейдегі алғашқы емтихан болды. Олардың бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қосқан үлесін шетелдік сарапшылар да жоғары бағалады.
Алға қойылған міндеттерді ойдағыдай орындағаны үшін жасақтың жеке құрамы жоғары үкіметтік наградалармен марапатталды.