Несие аларда нені білу қажет?
Несие алу – белгілі бір уақыт аралығында қаржылық жағдайыңызға әсер ететін жауапты шешім, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сондықтан, несие алмас бұрын қаржылық тәуекелдерді бағалап, саналы түрде шешім қабылдау үшін бірнеше маңызды факторды ескерген жөн.
Қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалаңыз:
Банкке барудан бұрын егжей-тегжейлі қаржылық жоспар жасаңыз. Барлық шығыстар мен кірістерді, сондай-ақ тәуекелдерді, мысалы, сырқаттану немесе басқа да себептермен жұмыстан айырылу сияқты тәуекелдерді ескеру керек.Тіпті еңбек қабілетін және жұмысты жоғалтудан сақтандыруға да болады.
Маңызды: Есіңізде болсын, заң бойынша сіз ай сайынғы табысыңыздың жартысынан көбін несие төлеуге жұмсай алмайсыз.
Кредит бойынша талаптарды мұқият зерделеңіз:
Кредиттерді түрлі қаржы ұйымдары ұсынады, олардың талаптары – мерзімдері мен мөлшерлемелері әр түрлі болуы мүмкін. Талаптарын салыстырып, ең қолайлысын таңдау қажет. Бұл өте оңай, банктің мобильді қосымшасы арқылы өтініш беріп, олардың талаптарын зерделеу жеткілікті.
Кредит бермес бұрын банк кредит туралы барлық негізгі ақпаратты қамтитын титул парағын ұсынуы керек. Банктердің бірнеше филиалына хабарласып, бірнеше титул парағын жинап, содан кейін ең қолайлы қаржы ұйымын таңдауға болады.
Маңызды: Осыдан кейін менеджерге барлық қажетті сұрақты қойыңыз: қарыз сомасы, төлем мерзімі мен мөлшері, комиссиялар, барлық пайыздар мен төлемдермен бірге кредиттің толық құны, артық төлем мөлшері, төлем мерзімі кешіктірілген жағдайда оның салдары. Банктер кредиттің талаптары туралы толық ақпарат беруге міндетті.
Есіңізде болсын, несие– бұл үлкен жауапкершілік:
Банктік қарыз шартына қол қою арқылы сіз оның барлық талаптарымен автоматты түрде келісесіз. Кредитті ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы бар ресми кредиторлардан ғана ресімдеуге болатынын ұмытпаңыз.
Берешекті уақтылы төлеңіз:
Күтпеген жағдайларды болдырмау үшін кредитті төлем күнінен 5-7 жұмыс күні бұрын төлеу ұсынылады.
Несиені мерзімінен бұрын өтеу ақшаны үнемдейді, өйткені банк клиенттері қарыз қаражатын пайдалану уақыты үшін де ақша төлейді. Кредитті мерзімінен бұрын төлеген уақытта операцияның сәтті өткеніне көз жеткізіңіз. Осыдан кейін банктен растайтын анықтама алыңыз.
Жауапкершіліктен қашпаңыз:
Егер ай сайынғы төлемді мерзімінде төлей алмасаңыз және төлем мерзімі өтіп кетсе, кредитордан жасырынудың қажеті жоқ. 2021 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда қарыз алушы – жеке тұлғалардың проблемалық берешегін реттеудің бірыңғай құқықтық режимі қолданылады.