Алматыда Қазақстан Ұлттық Банкінің сараптамалық-талдау клубының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚҰБ) Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, академиялық қоғамдастықтың, сарапшылар мен қаржы нарығы өкілдерінің қатысуымен сараптамалық-талдау пікірталас клубының екінші отырысын өткізді.
Іс-шарада қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қажетті макропруденциалдық саясатты қалыптастыруға, іске асыруға және коммуникациялауға қатысты ҚҰБ көзқарасы ұсынылып, қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін төмендетуге бағытталды. Толығырақ ҚҰБ ресми сайтында жарияланған «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің макропруденциалдық саясаты туралы» құжатта ұсынылған.
Сондай-ақ, кездесуде халықаралық ұйымдардың ұсыныстарына сәйкес макропруденциалдық саясат саласындағы мандатты күшейту бойынша ҚҰБ әзірлеген тәсілдер таныстырылды. Бұл ұсыныстар дамушы және дамыған нарықтардағы реттеушілер арасында кеңінен қолданылады. Отырыс аясында макропруденциалдық нормативтер мен лимиттерді белгілеу жөніндегі ҚҰБ өкілеттігін нақтылауға қатысты жоспарлар көпшілік алдында ашық талқыланды.
Сондай-ақ, іс-шарада ҚҰБ өкілдері сыртқы сектордың тұрақтылығын бағалау мәселелері бойынша экономикалық зерттеу нәтижелерімен таныстырды. Жұмыста Қазақстанның халықаралық резервтерін бағалаудың түрлі тәсілдері қарастырылып, дағдарыс басталған кезде шоктарды сіңіру үшін олардың жеткіліктілігі көрсетілді. Ұлттық қордың активтерін ескергендегі елдің сыртқы активтерінің сәйкестігін бағалауға қатысты авторлар ұсынған әдістеме де олардың жеткілікті деңгейін көрсетеді.