Ұлттық ұландағы айшықты оқиғалар

4026
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Тарих қойнауына енген 2024 жыл еліміз үшін де, әскеріміз үшін де айтулы оқиғаларға толы болды.

Әлбетте, ақ пен қарасы қатар жүретін өмір жолында халқымыз жақсыны да, жаманды да бастан өткерді. Десек те, қиындықтардан шыңдалып, жетістіктерді еселеуге ниет етіп, жаңа жылға қадам бастық. Мыңжылдықтың алғашқы ширек ғасырын қорытындылайтын 2025 жылға ене отырып, өткен жылға шолу жасау – өткеннен сабақ алу, жаңа белестерге бел буу үшін өте маңызды. Ендеше, жылдағы дәстүр бойынша біз де Ұлу жылы құқықтық тәртіп әскері үшін несімен есте қалғанына көз жүгіртсек.

Сарбаздар асханасы мен медициналық пункт іске қосылды

28 қаңтарда ҚазақстанРеспубликасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына барған іссапарында 3660 әскери бөлімінде жаңадан ашылған модульдік үлгідегі асхана мен медициналық пунктті іске қосты.

Жаңа асханада бір мезетте 160 сарбаз тамақтана алады. Асхана азық-түлік рационы нормаларына сәйкес түрлі тағамдарды дайындауға мүмкіндік беретін заманауи технологиялық жабдықтарымен жарақталған. Нысан құрылыс және санитарлық норма талаптарына толық жауап береді. Онда автономды жылыту, желдету жүйелері орнатылған.

Сонымен қатар жаңадан ашылған медициналық-санитарлық көмек бөлімі 900-ге жуық әскери қызметшіге медициналық қызмет көрсетеді. Емдеу орнында науқастарға алғашқы медициналық көмек көрсетуге толық жағдай жасалған. Жаңа нысан емдеу, егу, емделушілерді қабылдау, дәрі-дәрмекті сақтау кабинеттерімен және стационарлық бөлмелермен қамтылған. Бұдан басқа мұнда алғашқы медициналық көмек түрлері, профилактикалық тексерулер және тағы басқа емдеу-алдын алу іс-шаралары жүргізіледі. 

Әлеметтік нысандар тамақтанудың ұйымдастырылуы мен астың сапасын жақсартуға, әскери қызметшілер үшін көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік берді.

Су тасқыны кезіндегі ұландықтардың көмегі

Сәуір айында елімізде орын алған су тасқыны бірнеше өңірдегі тұрғындарды әбігерге салды. Зардап шеккендердің кейбірі жалғыз баспанасынан айырылса, енді бірі су шайған үйлерін қалыпқа келтіруді ойлап, қам жеді.

Ауқымды апат кезінде жалпы 10 өңірде жергілікті деңгейдегі төтенше жағдай жарияланды. Әсіресе Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары ең көп зардап шекті.

Сын сағатта әрдайым халқының қасынан, алдыңғы шептен табылатын Ұлттық ұланның 3 мың жауынгері елді мекендердегі өзен жағаларын нығайтуға және патрульдеу жұмыстарына көмек көрсетті.

Су тасқынына қарсы іс-шараларды толыққанды жүргізу және қиратуды болдырмау үшін ҚР Ұлттық ұланы академиясының 400 курсанты және «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6637 әскери бөлімінің 120 сарбазы тартылды. Олар Кожевный, Ольшанка, Жылыжай және Бескөл кенттерінде инертті материал салынған қаптарды дайындау және бөгет салу жұмыстарына тартылады. Курсанттар мен сарбаздар жағалауды нығайту жұмыстарына белсенді атсалысты. 5546 әскери бөлімінің (Атырау қ.) 120 –дан астам әскери қызметшісі 10 автотехника көмегімен су тасқынына қарсы іс-шараларға белсенді қатысып жатыр.

Сондай-ақ полиция қызметкерлерімен бірлесіп Құлсары қаласы көшелерінде тонауға жол бермеу бойынша қызмет атқарды. Орал мен Ақтөбеде су тасқынына қарсы іс-шаралар мен қоғамдық тәртіпті қорғау үшін 5517 және 6655 әскери бөлімдері тиісінше аталған аймаққа 380 және 400 әскери қызметші жіберді. Жалпы құқытық тәртіп әскерінің 2 мыңға жуық жауынгері су басқан кенттер мен қалаларда патрульдеу арқылы тұрғындардың жеке мүліктерін қорғауды қамтамасыз етті. Бұдан бөлек адамдарды, жануарларды қауіпсіз жерлерге эвакуациялады. Еске салайық, қосымша мың әскери қызметші саны бар жеке құрамды тасымалдау жүзеге асырылды. Атап айтқанда, Орал қаласына 6506 әскери бөлімінен (Шымкент қ.) 300 адам және 5547 әскери бөлімінен (Қызылорда қ.) 200 адам жіберілді. Сол секілді 5451 (Қарағанды қ.) әскери бөлімінің жеке құрамы 500 әскери қызметші мен 18 автокөлік теміржол арқылы Атырау қаласына жіберілді. Олар 2100 шақырымнан астам жол жүріп өтті. Сонымен қатар 5573 әскери бөлімінің жеке құрамы Петропавлға дейінгі шеруді сәтті аяқтады және елордалық жедел бригаданың 200 әскери қызметшісі су басқан елдімекендердің көшелерінде тонауға жол бермеу үшін Солтүстік Қазақстан облысында қоғамдық тәртіпті қорғады. Су тасқыны басталғаннан бері Ұлттық ұланның 120 әуе және автомобиль техникасы тартылғанын атап өткен жөн. Мыңнан астам адам эвакуацияланды, инертті материалдары бар 280 мың қапшық дайындалды және төселді. Жалпы ұзындығы 10 шақырымнан асатын арықтар тазартылды және 77 тоннадан астам гуманитарлық көмек жеткізілді.

Елорда тыныштығын сақтағандар марапатталды

8 шілдеде Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының, сондай-ақ 5573 және 6636 әскери бөлімдерінің саптық алаңында елордада қоғамдық тәртіпті сақтаған әскери қызметшілер марапатталды.

ШЫҰ мен Астана күнін өткізу кезеңінде Ұлттық ұлан құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында күшейтілген режімде қызмет атқарды. Ұландықтар күндіз-түні кезекшілік етіп, қаланың негізгі аудандары мен іс-шаралар өтетін орындарды бақылап отырды. Бас қаланың бес ауданында Астана, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау және Теміртау қалаларынан келген 1000-нан астам әскери қызметші тыныштықты күзетті.

Тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін маңызды мемлекеттік міндеттерді шешкен Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының саммиті сияқты ауқымды және маңызды іс-шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында ұландықтар кәсіби шеберліктерін дәлелденді.

Маңызды шарада қызметін қалтқысыз атқарған сарбаздар Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысының бұйрығы аясында грамоталармен және алғысхаттармен, «Ұлттық ұлан үздігі», «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» төсбелгілерімен марапатталды.

Әскери қызметшілер өздерінің қажырлы еңбегі мен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін жоғары наградаларға ие болды.

Басшылық құраммен жедел жиын өткізілді

1 тамызда Астанада Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінің базасында әскердің командалық құрамымен бес күндік жедел жиын қорытындыланды. Кәсіби деңгейді жетілдіруге елуден астам полиция департаменттерінің офицерлері мен басшылары, еліміздің барлық өңірлеріндегі Ұлттық ұлан арнайы бөлімшелерінің командирлері қатысты.

Жиынның негізгі мақсаттары — кәсіби-лауазымдық даярлық деңгейін арттыру, сондай-ақ Ішкі істер министрлігінің құқықтық актілерінің талаптары туралы бірыңғай түсінік қалыптастыру болды.

Сабақ кестесіне сәйкес жиындарды өткізу бағдарламасында демонстрациялық, нұсқаушы-әдістемелік және практикалық сабақтар өткізілді. Сондай-ақ офицерлерге әскердің қызметтік-жауынгерлік іс-әрекетінің негізгі басымдықтарын айқындайтын басшылық құжаттар мен директивалардың ережелері жеткізілді.

Сабақтың негізгі бөлігі елордалық бригада базасында, сондай-ақ ҚР Ұлттық ұланының «Қаптағай» біріккен оқу орталығында және ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің «Майлан» оқу полигонында өтті.

Офицерлер тікұшақ алаңдарын жабдықтау тәртібі бойынша кешенді сабақтар, тегіс ұңғылы мылтықтардан ату және граната лақтыру, жиынтық тактикалық топтардың жауынгерлік тәртібін көрсету, сондай-ақ «Дағдарыс жағдайында ақпараттық кеңістіктегі қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл» тақырыбында мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша білімдерін жетілдірді.

Курсанттарға жаңа казарма салынды

18 қарашада Петропавлда Ұлттық ұлан Академиясының жаңа казармасының салтанатты ашылуы өтті. Ашылу салтанатында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов пен ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков, Бас қолбасшының орынбасарлары генерал-майор Бауыржан Әбжанов пен полковник Еркебұлан Хамидуллин, сондай-ақ «Орталық» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Сакентай Шекарбеков және өзара іс-қимыл жасайтын органдардың өкілдері қатысты.

Дәстүрге сәйкес казарманың қызыл лентасын аймақ басшысы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы кесті. Осыдан кейін облыс әкімі мен Ішкі істер министрінің орынбасары бастаған құрметті қонақтар 27 жыл ішінде 4 мыңнан астам офицер дайындаған  Академияның казармалары мен оқу корпустарын аралады. Олар қолбасшылық және басқару кабинеттерінде, оқу орнының кафедраларында болды. Магистратура және қосымша білім беру факультетіне барып, білімдерін тереңдету, жаңа кәсіби дағдыларды алу және әскери мамандардың іскерлік қасиеттерін дамыту жөніндегі міндеттерді білді.

Айта кетсек, казармада жатын бөлмелері, жаттығу залдары, тұрмыстық бөлмелер, демалыс бөлмелері, киім ауыстыратын бөлмелер, заманауи душ бөлмелері, жуынатын бөлмелер, қару-жарақ пен оқ-дәрілерді сақтау бөлмелері және оқу сыныптары бар. Барлық үй-жайлар бірыңғай стильде салынған және барлық заманауи техникалық жабдықтармен жабдықталған.

Сондай-ақ қонақтар Академия мұражайына барды, онда оның тарихы мен күнделікті өмірін бейнелейтін экспозицияларды тамашалады. Содан кейін қонақтар Академияның басқа нысандарының құрылыс барысымен танысты.

«Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелеріне - 25 жыл

Елордадағы Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік филармонияның концерт залында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.

Бұл күн ширек ғасыр бойы елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қорғайтын элиталық бөлімше тарихындағы маңызды кезең болды.

Арнайы күштерде қызмет ету оңай емес, бірақ оның қатарына қосылу одан да қиын. Кандидаттарды іріктеу қатаң критерийлер бойынша жүргізіледі, онда дене шынықтыруға, жауынгерлік қасиеттерге, төтенше жағдайларда бағдарлау қабілетіне және жүйке жүйесінің тұрақтылығына ерекше назар аударылады. Осы талаптардың барлығы «Бүркіт» жауынгерлерінің алдына қойылған күрделі міндеттерді орындау үшін қажет.

Бөлімше Ішкі істер органдарымен бірлесіп аса қауіпті қылмыскерлерді ұстау жөніндегі операцияларға қатысуды, заңсыз қарулы құралымдармен күресуді, аса маңызды мемлекеттік және стратегиялық объектілердегі диверсиялардың алдын алуды, жаппай тәртіпсіздіктердің жолын кесуді, кепілге алынғандарды босатуды және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді іске асырады, бұдан да бөлек міндеттердің кең спектрін орындайды. Сондай-ақ, «Бүркіт» сарбаздары терроризмге қарсы операцияларға, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, төтенше немесе әскери режим жағдайында жекелеген міндеттерді орындауға қатысады.

Айта кетейік, 2023 жылдың қараша айында Алматыда ҚР Ұлттық ұланы әскери қызметшілерінің ерлігі мен адалдығы туралы «Бүркіт» көркемфильмінің тұсаукесері өтті.

«Бүркіт» бөлімшесінің жауынгерлері 25 жыл ішінде мемлекет пен оның азаматтарының сенімді тірегі бола отырып, өз борышына адалдықтарын көрсетті.

P.S. Жаңа 2025 жыл Ұлттық ұланның 33 жылдығымен басталғалы отыр. Заман талабына сай, құқықтық тәртіп әскерлерін біршама өзгерістер мен жаңа міндеттер күтіп тұрғаны анық. Десе де, өзгермейтін бір нәрсе бар: Ұлттық ұлан әрқашан – ішкі тыныштық пен тұрақтылықты, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің берік қалқаны болып қала бермек!

Капитан

Мөлдір НӘЛІБАЕВА

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -