Жетілген дабыл – тыныштық жемісі

29337
Фотосурет: Gov

Мұнара басындағы мұздай қаруланған жауынгерге қалт еткенді мүлт жібермейтін қырағылық қажет. Әсіресе, қапас түнде тасада тұмшаланып, тыныштықтың әрбір тамшысын талмап, ұйқысыраған уақытыңды тағатсыздана күтетін қаймананың бары, әсте, қаперіңнен шықпауы тиіс.

Сақшының бір секундқа қалғыған  сәтінде-ақ,  әлгінде  ғана көз алдында  жіті  бақылауда  ұстаған дүние  уысынан сытылып,  астан-кестеңі шығуы да әбден  мүмкін. Алайда,  жауынгердің де селкеу шақта сенім артып, арқа сүйейтін заманауи дабыл қағатын құрылғылары бар. Біз бүгін Семей қаласындағы  №19 түзеу мекемесінің қауіпсіздігін кірпік қақпай қадағалап, дабыл қаққыш әрбір құрылғының тілін біліп, түсін түстейтін инженерлік-техникалық күзет құралдарының қызмет атқаруын бақылайтын  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты  5511 әскери бөлімінің әскери  қызметшілері  жайында баян етеміз.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5511 әскери бөлімінің инженерлік-техникалық күзет құралдарының бөлініс бастығы (топ бастығы) сержант Ринат Мырзағалиев Абай облысы Жаңасемей ауданы Қайнар ауылының тумасы. Әулет атауын әуелеткен Ринаттың атасы Молдағали Әсембаев Ұлы Отан соғысының ардагері. Отан үшін қасқалдақтай қанын сарп етуге даяр жауынгер ерлігі  немере  бойына  дарыса  керек-ті. Сондықтан болар, Ринат та саналы ғұмырын жауынгерлік қызметке абыройлы түрде арнап келеді. Ауыл баласы қара домалақ шағынан  техникаға  бейім болып  ер жетеді. Оған,  себепкер  Ринаттың әкесі еді. Әкесі жол жөндеу саласында қызмет  істейтұғын. Жол жөндеуге арналған түрлі техниканың әр қайсын тізгіндемесе де, тілін  біліп, рөліне отырып үйренген бозбаланың темір тұлпарларға арналған құлшынысы одан сайын ояна түсті. Әрбір техниканы шұқылап көріп, икеміне келтірген  мектеп оқушысы күндердің күні алтын ұя мектебімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып, оқуға түспек болады. Ер жеткен баласын шешесі ақ халатты дәрігер ретінде елестетіп, медицина саласында білім алуға кеңес береді. Алайда, бауыр еті баласының  көлікті бұзып-шашуға  жаны  құмар  екендігін түйсігіне  алған әкесі баласына медицина бағытына бармай, техника саласының маманы болуға жөн көреді. Осылайша, жас түлек алғашында Семей қаласындағы электр техникалық колледжіне автоматтандыру және техникалық үдерісті өндіру мамандығына түседі. Электртехникалық колледжді озат бітіріп шыққан студент әрімен қарай жоғары білім алуды мақсат тұтады.

Азамат Семей қаласындағы  Әлихан Бөкейханов  атындағы университетіне түсіп, заңгер мамандығын оқып бітіреді. Ринат Мырзағалиев  мерзімді әскери қызметін Астана қаласындағы  6636 әскери бөлімінде өткереді. Отан алдындағы борышын абыройлы түрде атқарып келген азамат 2011 жылы Ұлттық ұлан сапында қызметке тұрады. Ринат Мырзағалиев Жаңғызтөбе  кентінде орналасқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты  6699 әскери бөлімінің атқыштар ротасының бірінші  взвод  сержанты болса, 2015 жылдан Семей қаласындағы 5511 әскери бөлімінің бірінші атқыштар ротасының қарауыл бастығының көмекшісі  лауазымына ауысады. Ал 2016 жылдан бастап, инженерлік техникалық күзет құралдарының маман технигі лауазымында қызмет атқарса, 2019 жылдан бастап қазіргі таңға дейін инженерлік-техникалық күзет құралдарының  бөлініс бастығы (топ бастығы) болып қалтқысыз қызмет атқарып келеді.

- Түзету мекемесінің әр бекеті мен қоршауында орналасқан техникалық күзет құралдарының қызметін жүргізуде барынша жауапкершілік қажет. Бақылау мұнарасында,  күзетте тұрғанда қоршауларды зерек қарап, түзету мекемесіндегі техникалық күзет құралдарын жетік меңгеру қажет. Түзеу мекемесіндегі күзеттiң қазiргі инженерлiк-техникалық құралдары әрдайым аса күтімді қажет етеді. Қазiргi  уақытта  «Ночь-12», «Пион», «Мимоза-4»  сияқты  күзеттiң  тағы  басқа  техникалық құралдары уақытында майлап, бастапқы жаңа қалпына келтіріп, жабдықтап отыру қажет. Ауа райының қолайсыз тұсында, әсіресе,  бұршақ жауғанда немесе құйын, нөсер болған уақытта жалған дабыл беретін кездер болады. Мұндай жағдайда шұғыл түрде сөндіру қажет болады. Жер астында орнатылған діріл бергіш құрылғыны естен шығармаған абзал. Сезімталдық деңгейінің радиусы да түзеу мекемесінің маңын толықтай шолады. 2012 жылдан бері үздіксіз қызмет атқарып тұрған «Ночь-12» құрылғысының микросхемасы мен диод көпірі мен салқындатқышы уақыт өте келе сыр бере бастайды. Сондықтан құрылғылардың әрбір бөлшегін дер кезінде ауыстырып, үнемі жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз, - дейді сержант. 

Ринат Мырзағалиевтің қол астында екі маман техник бар. Олардың бірі аға сержант Медеу Хасенов. Медеу мұның алдында «Ночь-12» құрылғысының операторы болыпты. Аталмыш техникті қолына сиқыр қонған  ұста десе де болады. Түзеу мекемесінің қауіпсіздігіне  жауап беретін техник – он саусағынан бал тамған шебер. Ол  ұста болуды -  өмірдің өзі үйретті дейді. 

- Әкеден ерте айырылдым. Үйдің үлкені мен болған соң, шешейге  қолғабыс жасап, тұрмысқа да бесіктен белім шықпай араластым. Күнделікті тұрмысқа қажетті заттар бүлініп қалған уақта өзімше жөндеп, қиюын келтіремін. Білмегенім болса, ауыл үлкендерінен сұрап жүріп, әйтеуір бір жолын табатынмын. Мысалы, мен үйде бұзылып қалған техниканың барлығын қайта қалпына келтіремін. Мейлі, ол теледидар, шаңсорғыш, кір жуу машинасы немесе шәйнек болсын. Қазір, өзі ақпарат деген көз алдыңда ғой. Қолыңа пайка ұстай алсаң болғаны, білмегеніңді ютубтан бір қарап аласың, - дейді аға сержант Медеу Хасенов.     

Жалпы, түзеу мекемесіндегі инженерлік-техникалық құралдардың қызмет атқаруын бақылайтын ұландықтардың әрқайсы да «сен тұр, мен атайын» деген, тісққаққан әккі мамандар. Жоғары да атап өткен сержант Ринат Мырзағалиевтің де техникаға деген әуестігі алабөтен. «Әке көрген оқ жонар»  дегендей балаң шағынан өнегелі әкеден мол тағылым алған оның көлікке деген  ынтызарлығы ерекше. Әскери қызметші  қазіргі таңда көлікке дабыл қоюды, сондай-ақ көлікке қашықтан от алдыру жүйесін  құруды  жетік  меңгерген.  Жалпы, 5511 әскери бөлімінің әскери қызметшілері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының арасында өткен  инженерлік-техникалық күзету құралдары шеберханасы бойынша сайысында 2021 жылы екінші орынды місе тұтыпты. Әскери бөлімнің арнайы мамандары алдағы сын-байқауда оқ бойы озық шығуды мақсат тұтады.

Әскери бөлімдерде кей шақта жауынгерлер сенімділігіне селкеу түсіріп жатады. Өйткені, мұнара басында автоматымен жалғыз қалғанда мерзімді әскери қызметші өз-өзіне қол жұмсай ма деген  күдіктер  туындайды. Мұндай оқыс жағдайлардың алдын алу мақсатында инженерлік-техникалық күзет құралдарының мамандары қаруға арналған қобдиша жасап шығарды. Яғни, мұнара сақшысы қаруды қалаған уақытта қобшидан ала алмайды. Алдымен,  қарауыл бастығына хабар беріп, ол мән-жайдан хабардар болғанда ғана, арнайы батырманы басқанда ғана, қару қойылған қобдиша өздігімен ашылып, бұғаттан шығарылып, сарбаз қолына қару алу мүмкіндігіне ие болады. Жалпы, түзеу мекемесінің инженерлік қызметі жыл сайын қарқынды түрде дамып келеді. Арнайы мамандар тек қана «Ночь 12» құрылғысының алдағы уақытта жаңа нұсқасын пайдалансақ деген игі үміті бар. Тастай берік  білекті де білікті ұландықтар түзеу мекемесіне өз үйіміздей қараймыз дейді. Жауынгерлік бекеттің әрқайсын қырағы назарға алып,  түзеу мекемесін қоршай тартылған дабыл қаққыш құрылғыларды жіті  бақылауда ұстайды олар. Осы жылдар аралығында жауынгерлік қызметті абыроймен атқарып, инженерлік-техникалық құралдарының қызмет атқаруын бақылайтын мамандар  өз қызметінің нағыз хас шебері екендіктерін үнемі  дәлелдеп келеді.

Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым,

Семей қаласы

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -