Дәрі-дәрмектерді дербестендірілген есепке алу: жаңа жүйе қазақстандықтардың медициналық препараттарға қолжетімділігін арттырады, деп хабарлайды DKnews.kz.
«СК-Фармация» өтінім беруші компанияның алдын ала қорытындыларына сәйкес 1727 дәрілік препарат атауын сатып алу қажет. 1581-і бойынша жеткізу шарттары жасалды. Жеткізу желтоқсан айында басталды, тауарларды беру 4 қаңтарда басталды. Бірыңғай дистрибьютор дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді мүмкіндігінше ертерек бастау үшін барлық шараларды қабылдады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев мәлімдеді. Қалған препараттар бойынша сатып алу жалғасуда.
Вице-министр 57 млрд теңге үнемделгенін атап өтті, алдағы уақытта бұл сома тағы да ұлғаяды. Бұл қаражаттың барлығы қазақстандықтар үшін дәрілік препараттардың қажетті көлемін қамтамасыз етуге бағытталады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша дәрілік препараттардың азайтылмайтын қорын анықтау үшін қажетті қаржыландыру бөлінді. Дәрі-дәрмек сатып алынады және жыл соңында – өтпелі кезеңде – біз осы қор есебінен республика азаматтарын дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етпекшіміз» Ержан Нұрлыбаев
Дәрілік препараттарға өтінімдерді қалыптастыру процестерін оларды дербестендірілген есепке алу қажеттілігіне қарай цифрландыруға ерекше назар аударылды. Өтінімді учаскелік терапевт жасай бастайды, тағайындалған емдеу схемасына сәйкес жекелеген пациентке жылдық өтінім қалыптастырылады. Одан әрі каскадтық әдіс бойынша қалыптастыру емханалар, қала, облыс бөлінісінде дәрілік қамтамасыз етудің ақпараттық жүйесінде жүргізіледі.
Препаратты беру кезінде сәйкестендіру әдістері, оның ішінде биометриялық технологиялардың көмегімен пайдаланылатын болады. Азаматтардың мүмкіндіктері мен жас ерекшеліктерін ескере отырып, бірнеше әдіс қолданылады.