Ұландықтар Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісімен марапатталды

2244
Фотосурет: Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде қызмет ететін рота командирінің бақылаушылар қызметі жөніндегі орынбасары лейтенант Сәрсенбек Ермеков пен маман-бақылаушы аға сержант Қазыбек Жұмабек ел тәуелсіздігіне қосқан ерен еңбегі үшін «Намыс» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Құқықтық тәртіп әскері қатарында қажырлы қызмет атқарып жүрген қос азаматты Астана қаласында «QAZAQSTAN ARDAGERLERI» қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұл марапаттады.

Құрметке бөленген әскери қызметшілер Ұлттық ұлан сапында 15 жылға жуық қызмет етіп келеді. Лейтенант Сәрсенбек Ермеков Ұлттық ұландағы қызметін 2011 жылы маман-бақылаушы болып бастаған. 2018 жылы аға маман-бақылаушы болса, бір жылдан кейін әскери жасақ бастығы болған. 2022 жылы бақылаушылар взводының командирі болды. Тағы бір жылдан соң қазіргі лауазымына тағайындалды. Былтыр ғана «лейтенант» шенін иеленген офицер «Ұлттық ұлан қызметінің үздігі» және «Қоғамдық тәртіпті сақтағаны үшін» кеуде белгілерімен марапатталған. Ал аға сержант Қазыбек Жұмабек 2014 жылы Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімде Отан алдындағы борышын өтеген. Кейін келісім шарт негізінде сол жерде тұрақтап қалған.  Бөлімше командирі, взвод сержанты, маман-бақылаушы секілді қызмет баспалдақтарынан өткен. Спорттан да құралақан емес. Қазақ күресімен шұғылданады.

- Ұзақ жылғы табанды қызметіміздің еленіп жатқанына қуаныштымыз. Бауыржан Момышұлы атындағы «Намыс» төсбелгісін иелену – әр әскери қызметші үшін үлкен абырой. Бұл – жай ғана марапат емес, бізге артылған қосымша жауапкершілік деп білемін, – деді  лейтенант Сәрсенбек Ермеков.

Айта кетейік, осындай үлгілі әрекеттері мен қызметтегі белсенділіктері үшін Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жиі марапатталады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -