Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесі жаңадан құрылған кассациялық соттар судьяларының бос лауазымдарына конкурс жариялайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылғы 27 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Астана қаласында 3 кассациялық сот (азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша) құрылды, олар өз жұмысын 2025 жылғы 1 шілдеден бастайды.
Осыған байланысты, а.ж. 22 қаңтарда Жоғары Сот Кеңесі судьялардың 87 бос лауазымына конкурс жариялады:
- Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот – 39 бос орын;
- Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот – 29 бос орын;
- Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сот – 19 бос орын.
Кассациялық соттардың судьялары үшін конкурсқа қатысуға «Қазақстан Республикасының сот жүйесі және судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында белгіленген талаптарға сәйкес келетін азаматтар жіберіледі.
Конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар топтамасын 2025 жылғы 12 ақпанды қоса алғанда, 010000, Астана қаласы, Мәңгілік Ел даңғылы 8, Министрліктер Үйі, № 1В кіреберіс, Жоғары Сот Кеңесі мекен-жайы бойынша жіберу қажет.
Қосымша ақпарат Жоғары Сот Кеңесінің ресми интернет-ресурсында орналастырылған.