Канвадағы Қазақстан мен Австрия: екі шебердің адамзатқа көзқарасы

2255
Фотосурет: po.qr-pib.kz

Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында Қазақстан Республикасы Көркем академиясының корреспондент-мүшесі, Астана қаласы суретшілер одағының құрметті мүшесі Әли Ақжан мен белгілі австриялық ғалым, суретші доктор Джеральд Флориан Месснердің «Біз біргеміз» атты бірлескен көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл вернисаж бірлік пен жасампаздықтың символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналады.

Көрме «Мәдениет арқылы үнқатысу» жобасы аясында ұйымдастырылып, ҚР ПІБ Президенттік орталығында 2025 жылдың көрме маусымын ашты.

Әли Ақжан Төлеубайқызы 1979 жылы 5 қыркүйекте Ақмола облысының Қорғалжын ауылында дүниеге келген. 2021 жылдан бастап Елорданың суретшілер Одағының галереясында жұмыс жолын арт-менеджер болып бастап, 40-тан астам көрмелердің ұйымдастырылуы мен өткізуіне қатысқан. Астана қаласының суретшілер Одағындағы қызметі жеке шығармашылығын жандандыруға және бастапқыда флюид-арт техникасы бағытында, кейіннен абстрактты суреттерде әлеуетін ашуға ықпал етті.

Әли Ақжанның еңбектері ҚР Сурет академиясының 2022 жылғы Халықаралық көрмесінде, 2022 жылғы «Astana Finance Days» көрмесінде, 2022 жылғы ҚР Өнер академиясының Халықаралық көрмесінде,  Астана қаласы суретшілер одағының жастар бірлестігінің «Әлемнің жарығы» көрмесінде, «Түркі әйелдерінің зергерлік әшекейлері» көрмесінде, ЭКСПО-наурыз көрме-сатылымы, Ұлттық ғарыш орталығындағы «Шексіз ғарыш» көрмесінде, ҚР Көркем академиясы үміткерлерінің «13 метаморфоза» топтық көрмелерінде ұсынылған. Суретшінің туындылары Қазақстанның, сондай-ақ Австрия, Германия, Жапония, Нидерланды Корольдігінің және Марокконың жеке коллекцияларында сақтаулы.

Доктор Джеральд Флориан Месснер – ғалым, суретші, музыкант, актер және жазушы. 1937 жылы Бад-Айзенкаппель, Австрияда дүниеге келген. Клагенфурттағы Педагогикалық колледждің түлегі, осы жерде ол өзінің көркемдік білімін алған, Венадағы Музыка және драмалық өнер университеті (орындаушылық өнер дипломы), Вена университетінің (салыстырмалы музыкатану ғылымдарының докторы) түлегі.

Берлин, Гамбург, Клагенфурт, Люцерн және Венаның ірі театрларында, сондай-ақ радио, кино және теледидарда өнер көрсеткен. Сонымен қатар, ол өлең және музыка жазады. 1970 жылдары ол наразылық әндерімен және белсенді музыкалық қойылымдарымен танымал болды. Д. Ф. Месснер көптеген ғылыми еңбектер мен көркем шығармалардың авторы.

Соңғы жылдары ол өзінің бейнелеу өнерін дамытуға көбірек уақыт бөле бастады, нәтижесінде оның көптеген шығармалары БАӘ, Австрия, Қытай және Қазақстанда қойылған. Флориан Месснер үшін бейнелеу, әдеби және орындаушылық өнер, кескіндеме және музыка бір-бірімен тығыз байланысты.

"Көрме авторлары ҚР Президенттік орталығының 2025 жылғы көрме маусымын ашу құрметіне ие болды. Бұл жоба Қазақстан мен Австрия арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға септігін тигізетініне сенімдіміз. «Біз біргеміз» деген атау түрлі елдерден келген мәдениеті әртүрлі, өмірге көзқарасы әртүрлі екі суретшіні біріктірген терең философиялық хабарды бейнелейді.  Сонымен қатар өнер арқылы кез келген шектер мен шеңберлер жойылып және екі тамаша суретшінің диалогы бізді шығармашылықтың таңғажайып әлеміне батырады. Біз бұл вернисажды бірлік пен жасампаздықтың нышанына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арнадық" Деп атап өтті ҚР Президенттік орталығы директорының орынбасары Ботагөз Қайыпова

Өз кезегінде Австрия Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшісі, сонымен қоса Қырғыз Республикасы мен Тәжікстан Республикасындағы атқарушы Елшісі Андреа Бахер өз пікірімен бөлісті:

«Мен Елші лауазымына жақында ғана тағайындалдым. Менің қызметімдегі алғашқы іс-шара, елдеріміз арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға арналған осындай маңызды іс-шара болғанына өте қуаныштымын»

Біз сандық технологиялар және жаһандану дәуірінде, адамдар арасындағы байланыстар алшақтап бара жатқан әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бір идеямен біріктірілген екі суретші, әлемге деген екі көзқарас. «Біз біргеміз» көрмесі – сөзбен жеткізуге мүмкін емес жайттарды жеткізетін өнер ғана екендігінің тағы бір дәлелі. Әрбір жұмыс - бұл адам тәжірибесінің біртұтас бейнесіне айналған мозаиканың ерекше фрагменті болып табылады.

«Бүгін өзімнің ойым мен сезімімді бейнелейтін туындыларымды ұсыну мен үшін үлкен мәртебе. Әрбір картина - менің жолымның тарихы. Джеральд Флориан Месснермен бірлескен көрменің тарихы шамамен 3 ай бұрын пісіп жетілді, оның мақсаты - әртүрлі елдердің, әртүрлі ұрпақтардың суретшілерінің жұмыстарын көрсету. Бұл көрме келушілерді мәдени әртүрлілікпен таныстыруға және авторлардың шығармашылық ізденісін сезінуге тамаша мүмкіндік болып табылады. Бүгінгі іс-шара әркімге өзі туралы, жалпы әлем туралы жаңа нәрсені ашуға мүмкіндік береді» Деп бөлісті Қазақстан Сурет академиясының корреспондент мүшесі, Астана қаласы Суретшілер одағының құрметті мүшесі Ақжан Әли

«Біз біргеміз» көрмесі – сөзбен жеткізуге мүмкін емес жайттарды жеткізетін өнер ғана екендігінің тағы бір дәлелі. Әрбір туынды адам тәжірибесі мен болмысының біртұтас бейнесін құрайтын мозаиканың бірегей бөлігі.

Экспозицияда Әли Ақжанның 25 туындысы және Флориан Месснердің 27 туындысы ұсынылды.

Көрме 2025 жылдың 24 ақпанына дейін жұмыс істейді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -