Тауарды таңбалау: Сенатта мемлекеттік органдарға арналған жүйе ұсынылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2024 жылдың 22 қаңтарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында МО АЖО (Мемлекеттік органның автоматтандырылған жұмыс орны) ақпараттық жүйесі таныстырылды. Жүйе тауарларды таңбалау және қадағалау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне деректерді жинау негізінде тиімді басқару шешімдерін қабылдауға көмектесуге және тауар айналымына мемлекеттік бақылау деңгейін арттыруға бағытталған.
МО АЖО – уәкілетті мемлекеттік органдардың Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде (ТТҚ АЖ) қамтылған деректерге жедел қол жеткізуін қамтамасыз ететін инновациялық ақпараттық жүйе. Жүйе тіркелген бөлшек саудагерлер, көтерме саудагерлер, дистрибьюторлар, өндірушілер мен импорттаушылар туралы өзекті ақпаратты, сондай-ақ, таңбаланған тауарларды өндіру, әкелу, оның айналымы және өткізу көлемдері туралы мәліметтерді ұсынады.
МО АЖО негізгі мақсаттары аналитикалық деректерді пайдалану арқылы басқару шешімдерінің тиімділігін арттыру, тауар айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту және мемлекеттік органдар үшін ақпараттың ашықтық мен қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.
Бірыңғай оператордың басқарушы директоры Алмат Исмаиловтың айтуынша, жүйені Бірыңғай оператор уәкілетті мемлекеттік органдардың қызметкерлерімен бірлесіп жасаған.
«Жүйені әзірлеу барысында біз мемлекеттік органдардың талаптары мен ескертулерін ескердік, қазіргі таңда платформаны жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Бұл жүйені пайдалануды оңтайландырады және оның функционалдығын кеңейтеді. МО АЖО мемлекеттік басқарудың ашықтығы мен тиімділігін арттыруға бағытталған цифрландыру және ақпараттық технологияларды дамыту жөніндегі мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы маңызды қадам болды деп есептеймін» Алмат Исмаилов
Сонымен қатар кездесуде медициналық ақпараттық жүйелерді интеграциялау, цифрлық платформалар арқылы медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру, пациенттердің деректерін сақтау мәселелері талқыланды. Медициналық қызметкерлерді цифрлық дағдыларға оқытуға және халықтың әлеуметтік осал топтары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын әзірлеуге ерекше назар аударылды.
Анықтама үшін: 2020 жылдан бастап «Қазақтелеком» Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор болып тағайындалды. Бүгінгі таңда үш өнім тобына міндетті таңбалау енгізілді: аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрі-дәрмек. Келесі өнім топтары бойынша таңбалаудың пилоттық жобалары іске қосылды: мотор майлары, сыра қайнату өнімдері, зергерлік бұйымдар.