Қазақстан мен Өзбекстан әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты тереңдетуде

3872
Фотосурет: Gov

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Өзбекстан президентінің кеңесшісі – Президент жанындағы Ұлттық әлеуметтік қорғау агенттігінің директоры Мансұрбек Оллоеровпен бейнебайланыс арқылы кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар әлеуметтік саладағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесудің басында Светлана Жақыпова Мансұрбек Оллоеровқа осындай жүздесу үшін алғыс білдіре отырып, Министрлік жүзеге асырып жатқан негізгі шаралармен таныстырды.

Атап айтқанда ЕХӘҚМ басшысы 2023 жылы қабылданған азаматтардың туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын бекітетін Әлеуметтік кодекс туралы хабардар етті. Оның басты жаңашылдықтарының бірі – Отбасының цифрлық картасын енгізу. Ол азаматтарды мемлекеттік қолдаудың тиісті шаралары туралы хабардар ететін, сондай-ақ мемлекеттік органдарға өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын тиімді жоспарлау үшін деректерді талдауға мүмкіндік беретін интеграцияланған платформаны ұсынады.

«Отбасының цифрлық картасы қазақстандық отбасыларды қолдауға және олардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Ол сондай-ақ мемлекеттік органдарға әлеуметтік дамудың болжамдары мен бағдарламаларын әзірлеуге көмектеседі, бұл әлеуметтік саясаттың міндеттері мен бағыттарын жоспарлауды жақсартуға ықпал етеді», – деп атап өтті Светлана Жақыпова.

Сонымен қатар министр 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы туралы айтты, оның шеңберінде мүгедектіктің медициналық-әлеуметтік моделінен әлеуметтік-құқық қорғау моделіне көшу көзделуде. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялаудың жаңа тәсілдері ұсынылды. Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарды лицензиялауды енгізуге және әлеуметтік қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптарын арттыруға ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Мансұрбек Оллоеров Қазақстанның әлеуметтік саладағы жұмысын жоғары бағалап, енгізілген жобалардың табысты болғанын атап өтті. Ол осы бағыттар бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық білдіріп, бірлесіп жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Сондай-ақ, ол қазақстандық делегацияны ынтымақтастықты нығайту жөніндегі алдағы қадамдарды талқылау үшін Өзбекстанға шақырды.

Кездесу соңында ЕХӘҚМ басшысы аталған бастамаларды қолдап, халықты әлеуметтік қорғау саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Светлана Жақыпова Қазақстан өз тәжірибесімен бөлісуге және барлық қызығушылық тудырған жобалар бойынша жемісті ынтымақтастықты дамытуға дайын екендігін жеткізді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -