Сенаторлар ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру, мал шаруашылығын дамыту және агробизнесті жүргізу жөнінде азаматтардың біліктілігін арттыру мақсатында орталықтар құру мен олардың жұмысы туралы мәселені талқылады. Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің депутаттары мүдделі мемлекеттік органдардың басшылығымен кездесу өткізді. Бұл шаралар Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауын іске асыруға бағытталған және ауыл шаруашылығын жақсарту мен ауылдық аумақтарды дамытуға ықпал етеді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Суретті түсірген: А.Байжұманов
«Оқу орталықтарын құру – бұл қазіргі заманғы агротехнологияны енгізумен қатар, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауыл халқының өмір сүру деңгейін жақсартуға мүмкіндік беретін стратегиялық маңызды қадам. Біз фермерлерді іс жүзінде оқытуға, кооперацияны ынталандыруға және ауыл тұрғындарының білім мен ресурсқа қол жеткізуіне назар аударуымыз керек. Ауылдық жерлерге қолдау көрсетпей тұрақты дамуға қол жеткізу қиын. Ауыл шаруашылығы еліміздің экономикалық өсуінің драйверіне айналуы үшін мемлекет, бизнес және жергілікті қауымдастықтың күш-жігерін біріктіру маңызды. Сонымен қатар әр әдіс тиімді болуы үшін өңірлердің ерекшелігін ескеру қажет» Әли Бектаев
Отырыс барысында білім беру орталықтарының инфрақұрылымын дамыту, ауыл шаруашылығына инновациялық технологияны енгізу және жеке қосалқы шаруашылықтар арасында кооперацияны ынталандыру мәселелері талқыланды.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Комитет депутаттары соңғы жылдары оқу бағдарламалары күткендей нәтиже бермегенін атап өтті. Сондықтан курстар теориялық білім беру ғана емес, сонымен қатар оларды іс жүзінде қолдануды, мысалы, ауылда кәсіпкерлікті дамытуға көмектесуді мақсат етеді. Ауыл тұрғындарына өз ісін ашуға жәрдемдесу және оларға заманауи білім негізінде өнім өсірудің тиімді әдістерін үйрету басты міндет болып отыр.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
2024 жылдан бері Жамбыл облысында жүзеге асып келе жатқан «Агросауат» жобасының жемісті тәжірибесіне ерекше назар аударылды. Жоба жергілікті тұрғындарды ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге, құс және мал шаруашылықтары негіздеріне үйретуге бағытталған болатын. Өткен жылы бағдарлама аясында 1000-нан астам шара өткізілген болатын. Оған 11 мыңнан астам қатысушы қамтылған, сондай-ақ теория мен тәжірибені қатар алып жүретін оқыту бағдарламалары әзірленді.
Отырысқа қатысушылар заманауи агротехнологияға ауыл тұрғындарының қол жеткізу мүмкіндігін кеңейту, кооперативтік қозғалыстың кеңінен қанат жаюы және ауыл шаруашылығы өнімдері нарығындағы делдалдар ықпалын азайту жөніндегі жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.