Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев II Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes сайысының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Халықаралық бәсеке Астанадағы «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінде өтіп жатыр. Бұл дүбірлі дода жеңіл атлетикадан ғимарат ішіндегі әлемдік турдың бір кезеңі екенін атап өткен жөн.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Палата Спикері спортшыларға ілтипат білдіре келіп, Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes жарысымен World Athletics Indoor Tour Gold сайыстар сериясының биылғы кезеңі басталатынын атап өтті. Іргелі турнирдің өзге кезеңдері Сербия, АҚШ, Чехия, Германия, Франция, Польша, Испания сияқты елдердегі тоғыз қалада өткізіледі. Әлемдегі ең үздік жеңіл атлеттер бақ сынайтын бұл бәсекені нағыз спорт мерекесі деуге толық негіз бар.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев әйгілі чемпиондар мен келешегі зор жас таланттар қатысып жатқан мұндай додада алдыңғы буынды ұлықтау сабақтастықтың символы екенін тілге тиек етті. Ол мұндай қадам спортты әлемдік деңгейде дәріптеуге айтарлықтай ықпал ететініне және жас буынды үлкен мақсаттарға жетелеп, ынталандыра түсетініне назар аударды. Сондай-ақ Сенат Төрағасы Қазақстанда бұқаралық спортты дамытуға Мемлекет басшысы баса мән беріп отырғанын айтты.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
«Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен елімізде кәсіпқой, әуесқой, бұқаралық және инклюзивті спорт түрлерін дамыту жолында маңызды жобалар іске асырылып жатыр. Қазақстанда Astana Indoor Meet for Amin Tuyakov Prizes сияқты халықаралық беделді сайыстарды өткізу сол кешенді жұмыстың нақты нәтижесі екені сөзсіз. Аталған жарыс әйгілі желаяқ, білікті бапкер, отандық және әлемдік жеңіл атлетика тарихында ерекше орын алатын даңқты спортшы Әмин Тұяқов жүлдесіне арналып отыр. Осы кезеңмен әлемдегі ең үздік жеңіл атлеттер сынға түсетін World Athletics Indoor Tour Gold 2025 сайыстар сериясы басталады. Қатысушылар арасында Олимпиада және әлем чемпиондары бар. Сондықтан осындай байрақты бәсекеге қазақстандық спортшылардың да қатысуы біз үшін зор мақтаныш. Алдағы уақытта бұл халықаралық турнир Қазақстанда жеңіл атлетиканың дамуына тың серпін береді деп сенеміз» Деп, Мәулен Әшімбаев ұйымдастырушыларға алғыс білдірді
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Жарыстың ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, еңбек сіңірген спорт шебері, Еуропа чемпионы, Еуропа Кубогының иегері және көптеген дүбірлі додаларда топ жарған ардагер спортшы Әмин Тұяқов, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Жеңіл атлетика федерациясының президенті, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысты. Бәсекеге 40 елден келген 110 спортшы қатысып жатыр. Турнирде ел намысын 44 атлетіміз қорғайды. Олардың қатарында ұлттық құраманың көшбасшылары да бар.
Суретті түсірген: Н.Байбулин
Бағдарламаға сәйкес әйелдер – жеті (60 м, кедергілер арқылы 60 м, 400 м, 3000 м, биіктікке секіру, үш қарғып секіру, ядро лақтыру), ал ерлер алты сайыс бойынша (60 м, кедергілер арқылы 60 м, 400 м, 1500 м, биіктікке секіру, ұзындыққа секіру) өзара мықтыны анықтайды.