Қазақстанда азаматтық авиацияны дамыту

8184
Фотосурет: ©️ А.Байжұманов/Сенаттың Баспасөз қызметі

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік жөніндегі комитетінің депутаттары «Қазақстан Республикасында азаматтық авиацияны дамыту» тақырыбы бойынша дөңгелек үстелге дайындық аясында еліміздегі авиаотын сатылымы туралы жұмыс кездесуін өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Кездесу барысында авиабилет құны құрамындағы ең үлкен үлес – 36,5% авиаотынға, 14,9 % – техникалық қызмет көрсетуге, 10,7% – әуежайға қызмет көрсетуге және 8,6% – ұшақты жалға алуға жұмсалатыны атап өтілді. Көлік министрлігінің өкілдері атап өткендей, әуе билетінің бағасы қашықтық, сұраныс маусымы және сатып алу күні сияқты жағдайларға да байланысты есептелетіні белгілі болды.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің ақпараты бойынша, авиакеросинді сату нарығын талдау барысында әуежайлардың сақтау инфрақұрылымына тәуелсіз отын жеткізушілерге шектеу қою тәжірибесі бар екені байқалды. Ол авиакомпанияларға отын құнының жоғары болу себебі болып табылады.

Суретті түсірген: А.Байжұманов

2023 жылы жалпы көлемі 883 мың тонна авиаотын тұтынған болса, онда отандық авиаотынның үлесі 72%, импорт-28% болып отыр. Бұл ретте отандық авиакомпаниялар авиаотынның 60%-ын, шетелдік авиакомпаниялар 40%-ын тұтынады. Қазіргі уақытта ішкі нарықта авиакеросиннің көтерме бағасы тоннасына 650-850 АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Сонымен қатар, әуежайларда авиаотынның бөлшек сауда бағасы 1100-1200 доллар деңгейіне жетті. Соңғы 5 жылда шетелдік авиакомпаниялар орындаған халықаралық қатынастар саны 58%-ға қысқарды. Жүк авиатасымалдарының көлемі 36%-ға төмендеді.

Мемлекеттік органдардың өкілдері кездесу барысында нарықтағы авиаотынның құнын реттеу бойынша өз ұсыныстарын айтты. Сенаторлар кездесу соңында авиаотынды өткізу мәселесі шешуді талап ететінін және Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті депутаттарының бақылауында болатынын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -