Ұлттық ұлан ардагерлері қала мектептерінде ерлік сабақтарын жүргізуде

6952
Фотосурет: «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Тәжік-ауған қақтығысына қатысқан Ұлттық ұлан ардагерлері Өскемен қаласының бірнеше мектебінде ерлік сабақтарын жүргізуде, деп хабарлайды DKnews.kz.

Олар шахардағы жиырмадан астам білім ошақтарына арнайы барып, оқушы қауымға тәжік-ауған қақтығысындағы сұрапыл шақтың жауынгерлік қызметін бүге-шігесіне дейін жасырмай, баян етті. Сонымен қатар, ерлік сабағында ардагерлер құқықтық-тәртіп әскерінде жүріп басынан кешкен қызықты оқиғаларын бөлісіп, мақсатқа жету үшін адам бойында мінез бен тәртіптің болу қажеттігін алға тартты. Мектепке келген арнайы меймандар азаматтың парызы саналатын Отан қорғаушы мамандығының артықшылығы жөнінде әңгіме өрбітті. Болашақ сарбаздарды елінің патриоты болуға шақырды.

Мектеп қабырғасындағы жасөспірім – біздің болашағымыз. Яғни, оларға дұрыс тәрбие, білім беру, төзімділік пен шыдамдылыққа, ержүректілікке баулу – аға ұрпақ өкілдерінің парызы. Бұл іске Ұлттық ұлан ардагерлері лайықты үлес қосып келеді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы колбасшысының кеңесшісі, ардагерлер кеңесінің төрағасы отставкадағы полковник Айдар Оразбаев

Мектеп оқушылары мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылғанын қалайды. Өйткені, өмірін әскермен байланыстыратын бозбалалар үшін ардагер ағаларынан пайдалы кеңес алу таптырмас мүмкіндік болып табылады. Шарада қалалық ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы отставкадағы подполковник Олег Фролов та төбе танытты. Ардагер ауған соғысының тарихына тоқталып, әскери құндылығына тоқталды.

Аға буын үшін де жас ұрпаққа терең, мазмұнды білім беру мен ұлтын сүйер патриот азамат етіп тәрбиелеу – басты мақсаттың бірі болып қала бермек. Биыл тәжік-ауған қақтығысына отыз жыл толып отыр. Қамшының өріміндей бірлігі жарасқан тәжік-ауған қақтығысының ардагерлері атаулы датаға орай ауқымды шара ұйымдастыруды қолға алуда.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -