Сенаторлар Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында орман өсіру және орман шаруашылығын дамыту мәселелерін қарады. Отырыс еліміз Президентінің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Кездесуге мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар, ғылыми қауымдастық және өңірлер әкімдіктерінің өкілдері қатысты. Орман қорын ұлғайту, орман өртімен күрес, ғылыми зерттеулерді дамыту және орман шаруашылығына кадр даярлау шаралары талқылаудың негізгі тақырыбы болды.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Отырысқа қатысушылар іс жүзіндегі мәселелерді де талқылады. Атап айтқанда, Ақмола және Қостанай облыстары әкімдерінің орынбасарлары өңірлерде орман өсіру бойынша жүзеге асып жатқан шаралар туралы айтып берді. Ал Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетіндегі су, жер және орман ресурстары факультетінің ғалымдары орман шаруашылығына маман даярлауды күшейту қажеттігіне назар аударды.
Суретті түсірген: А.Байжұманов
Комитет мүшелері отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға, оның ішінде орман қорын ұлғайту, материалдық-техникалық базаны жақсарту, орман шаруашылығын дамыту және ормандарды авиациямен қорғауды қаржыландыру жөніндегі стратегиялық құжат жобасы жөніндегі шараларға қатысты ұсынымдар әзірледі. Сондай-ақ, орман шаруашылығы мамандарын «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына қосу және орман секторы ұйымдарына салық жеңілдігін жасау мәселесін пысықтау ұсынылды.
Комитеттің ұсынымдары бұдан былайғы жұмыста пайдалану үшін салалық министрліктер мен әкімдіктерге жіберілетін болады.