Облыстық ұлттық спорт түрлері клубында әскери қызметшілер арасында қазақ күресінен жеке-командалық чемпионат өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Оған теңіз жаяу әскерлері бригадасының, барлау полктерінің, аумақтық қорғаныс бригадаларының, материалдық-техникалық қамтамасыз ету базаларының және байланыс батальондарының 60-тан астам әскери қызметшісі қатысты. Турнир бес салмақ дәрежесі бойынша жеке жарыс форматында және командалық есепте өтті.
Жарысты «Батыс» ӨңҚ әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Бауыржан Артықов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының директоры Асылбек Қалиев және Атырау облысындағы «Тарлан» қазақ күресі федерациясының вице-президенті Айбек Серғазиев бақылады.
Жарыс қорытындысы бойынша төрт алтын медаль жеңіп алған Ақтау гарнизоны теңіз жаяу әскерлері бригадасының командасы жеңіске жетті. Екінші орынды Орал гарнизонының аумақтық қорғаныс бригадасы, үшінші орынды Атырау гарнизонының барлау полкі меншіктеді.
Үздік спортшыларға чемпиондық белбеу, кубоктар, медальдар, грамоталар табыс етілді. Ақпан айының ортасында олар қазақ күресінен Алматы облысында өтетін ҚР Қарулы күштерінің чемпионатына қатысатын болады