«Дэвис Кубогының» бірінші әлемдік тобының плей-офф аясында Қазақстан мен Пәкістан құрамалары арасында өтетін ойында капитандар мен команда ойыншыларының қатысуымен баспасөз маслихаты өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
ҚТФ баспасөз қызметі
"Пәкістан - жақсы команда дегенмен біз жеңіске жету үшін барымызды саламыз. Құрама сапына жас ойыншыларды тарттық, барлығы да ойнауға деген құлшынысы асып тұр. Жұптық ойынға кім ойнайтынына келетін болсақ, біз әртүрлі нұсқаларды қолданып көреміз, 1-2 күнде белгілі болады кім ойнайтыны" Қазақстан құрамасының капитаны Юрий Щукин
Пәкістан құрамасының капитаны Мухаммад Хасееб Аслам қағаз жүзінде де, іс жүзінде де қазақстандық команда фаворит екенін атап өтті.
ҚТФ баспасөз қызметі
"Біз Астанаға бейімделу үшін арнайы ерте келдік. Қазақстандық команданың барлық ойыншылары өте тәжірибелі, ұзақ уақыт бойы жоғары деңгейде ойнап келе жатыр. Біздің құрамада қазір жаңару жүріп жатыр, жастарға сенім артып отырмын, үмітті ақтайды деп сенемін. Бұл теннис және бәрі болуы мүмкін, сондықтан біз ойында ұпай алып, келесі кезеңге шығу үшін кортта тер төгеміз" Мухаммад Хасееб Аслам
Қазақстан мен Пәкістан құрамалары арасындағы ойындар Астанада 1-2 ақпан күндері өтеді. Ойындарды Qazsport телеарнасынан тікелей эфирде көруге болады.