Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің депутаттары Павлодар облысында сапарда болып, бірқатар кәсіпорындар мен колледждердің жұмысымен танысты. Шара «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ұлттың өркендеуінің негізі» тақырыбында өтетін парламенттік тыңдауға дайындық аясында ұйымдастырылған болатын, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сенаторлар «Қазақстан алюминийі» АҚ-на сапар барысында кәсіпорынның жылына 1,5 миллион тонна глинозем өндіретін өндіріс қуатымен танысты. Әсіресе, таза экологиялық технологияны енгізу және 5 500-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорынның әлеуметтік жауапкершілігіне баса назар аударылды.
Депутаттар түсті металлургияның жоғарғы колледжі мен Павлодар химия-механикалық колледжінде болған кезде білім алушылар және оқытушылармен кездесті. Олар әлеуметтік серіктестердің қолдауымен құрылған заманауи зертханалар мен оқу-өндіріс кешендерін аралады. Мысалы, мұнай өнімдерін техникалық талдау зертханалары, дәнекерлеу технологиясы зертханалары және өнеркәсіп нысандарының виртуалды үлгісі көрсетілді.
Павлодар мұнай-химия зауытында депутаттарға бензин, дизель отыны және басқа да өнімдерді өндіретін кәсіпорынды жаңғырту жоспары туралы ақпарат айтылды.
Комитет мүшелері еңбек адамын қолдау, өндірісті жаңғырту және білікті кадр даярлау еліміздің тұрақты экономикалық өсуі мен әлеуметтік дамуындағы негізгі міндеттер екенін атап өтті.