«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 888 млн АҚШ доллары есептелді

1771
Фотосурет: @corelens/Canva

2022 жылдың қыркүйегінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» жобасын бастау туралы бастама көтерген болатын. Аталған бастама аясында, 18 жасқа толмаған қазақстандық балаларға 2025 жылы 129,38 АҚШ долларынан бөлінді.

Жас ұрпаққа қамқорлық жасау – мемлекеттік саясаттың сөзсіз басымдығы. Бүгінде қазақстандық отбасылар баланың дүниеге келген сәтінен бастап ересек өмірге қадам басқанға дейін мемлекет тарапынан қолдау ала алады. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл бастамасы келешек ұрпақтың әл-ауқатын арттыруға, оларға табысты бастама жасауға жағдай туғызуға және жастардың білім алуына қолдау көрсетуге бағытталған. 2024 жылдан бастап 18 жасқа дейінгі қазақстандық балаларға жыл сайын Ұлттық қордан инвестициялық кірісті қоса есептегенде қаражат бөлінеді.

2024 жылы «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасына 6 919 131 адам (2006 жылдан 2023 жылға дейін туған балаларды қоса алғанда) қатысты. Олардың әрқайсысына 100,52 АҚШ долларынан есептелді. Жалпы есептелген сома 695,5 млн АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордан қаражат есептелген балалардың ішінен 2024 жылы 304 815 бала 18 жасқа толды, оларға жалпы 30,6 млн АҚШ доллары аударылды.

2025 жылы әр балаға 129,38 АҚШ долларынан есептелді. Бағдарламаға екі жыл қатарынан қатысып келе жатқан балалардың инвестициялық кірісті қоса алғанда жинақталған қаражаты 232,94 АҚШ долларын құрады.

«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша есептелген сома туралы мәліметтер eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында 2025 жылғы 1 ақпанда қолжетімді болады.

Төлем механизмі

Баланың бағдарламаға қатысуы мен есептелген сома туралы ақпаратты kids.enpf.kz арнайы сайтында бала ЖСН нөмірін енгізу арқылы көруге болады. Сол жерден бағдарлама шарттарымен танысып, нұсқаулықтар мен қажетті сұрақтардың жауаптарын табуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, есептелген қаражат туралы ақпаратты egov.kz порталындағы жеке кабинеттен және Halyk пен Kaspi.kz мобильді қосымшаларынан көруге болады.

Мемлекеттің ең маңызды міндеттерінің бірі – білім алу және тұрғын үй иелену мүмкіндіктерін теңдей қамтамасыз ету. «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы жас қазақстандықтар үшін айтарлықтай қолдау болып отыр.

Жинақталған қаражатты жастар 18 жасқа толған соң пайдалана алады. Жинақтар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттарға аударылып, Отбасы банкі мен Халық банкінің мобильді қосымшалары арқылы өтінім берген кезде тұрғын үй жағдайын жақсартуға және (немесе) білім ақысын төлеуге жұмсалады.

2025 жылғы 1 қаңтарға дейін осы мақсатта 66 571 өтінім қабылданып, оның 53 001-і орындалды. Жиынтығында 5 316,7 мың АҚШ доллары төленді. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 34 388 өтінім түсіп, 29 542 өтінім қанағаттандырылып, 2 964 мың АҚШ доллары төленді. Білім ақысын төлеу үшін 32 183 өтінім қабылданып, 23 459 өтінім орындалып, 2 352,7 мың АҚШ доллары төленді.

Ағымдағы жылы бағдарламаға 6 921 035 бала қатысып отыр (2007 жылдан 2024 жылға дейін туғандарды қоса алғанда). Олардың ішінде 324 430 бала 2025 жылы 18 жасқа толады.

Ұлттық қор қаражатын жас буынды қолдауға пайдалану – елдің тұрақты дамуына бағытталған стратегиялық шешім. Бұл бастама өмір сүру сапасын жақсартып, жас қазақстандықтардың болашаққа деген сенімін нығайтады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -