Биыл Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті (AUES) құрылғанына 50 жыл толуын атап өтті. Энергетика және телекоммуникация салаларына маман даярлайтын Орталық Азиядағы жетекші оқу орны бұл айтулы күнді заманауи интерактивті музей мен алғашқы ректор Альберт Болотов атындағы дәріс залының және Nero Smart Energy атты жаңа оқу зертханасының ашылуымен атап өтті. Салтанатты шараға университет түлегі, Сенат депутаты Бекболат Орынбеков қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Президенттің Жарлығымен биыл Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Мемлекет басшысы еліміздегі еңбексүйгіш азаматтарға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуі тиіс екенін айқын көрсетіп отыр. Бұл тұрғыдан алғанда, университеттің қызметі ерекше маңызға ие. Оқу орны жарты ғасыр бойы болашақ мамандарға білім берумен қатар еліміздегі экономиканың маңызды салаларын дамытатын кәсіби кадрлар даярлап келеді» Бекболат Орынбеков
Университет ректоры Ғани Нығыметов өз кезегінде ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығына тоқталды және оқу орнының бай тәжірибесін сақтай отырып, заманауи тәсілдерді белсенді түрде енгізуге ниетті екенін жеткізді.
«50 жыл – бұл 40 мыңнан астам түлектің тарихы, инновациялық зерттеулер мен мамандар даярлайтын салалармен тығыз байланыс. Біздің музейіміз бен Болотов залы – ұрпақтар арасындағы көпір, батыл идеялар туындайтын орта. Біз өз мұрамызды сақтай отырып, жаңа сын-қатерлерге дайындаламыз. Қазіргі таңда білім беру бағдарламаларымыз «жасыл» энергетика, жасанды интеллект және киберқауіпсіздік салаларын қамтиды. Жарты ғасыр өтсе де, біз өткеннің тәжірибесі мен өршіл жаңа буынды біріктіре отырып, болашақтың бейнесін қалыптастыруды жалғастырудамыз» Ғани Нығыметов