Атырау қаласында орналасқан ҚР Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері Ұлттық ұлан әскерлері қатарында өтіп жатқан «Жеңіске 100 күн» акциясы аясында Атырау қаласының тұрғыны, тыл еңбеккері Екатерина Серафимовнаға арнайы барып, құрмет көрсетті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-сапар барысында Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының орынбасары, полковник Бақыт Алазов, соғыс жылдарында көрсеткен қайсарлығы мен ерлігі үшін Екатерина Серафимовнаға алғыс білдірді. Өз кезегінде тыл еңбеккері соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп, қандай қиындықтарға тап болғанын және болашаққа деген сенімді қалай сақтай алғанын айтып берді.
Екатерина Серафимовна – Атырау қаласының тұрғыны, оның өмір жолы – ерлік пен төзімділіктің жарқын үлгісі. Ол 1931 жылы 19 қаңтарда Ресей Федерациясының Мордовия Республикасында дүниеге келген. 1941 жылы, небәрі 10 жасында отбасымен бірге тұтқынға түсіп, Финляндияның Хельсинки қаласына жақын маңдағы Юрокко лагеріне жіберілген. 1944 жылы азат етілгеннен кейін еңбекке араласып, колхозда түрлі жұмыстар атқарған, сонымен қатар әскери госпитальде аспаз және санитар болып қызмет еткен.
1950 жылы тұрмысқа шығып, үш бала тәрбиелеп өсірген. 1968 жылы отбасы Гурьев (қазіргі Атырау) қаласына көшіп келіп, Екатерина Серафимовна локомотив депосына жұмысқа орналасады. Зейнетке шыққанға дейін осы салада еңбек еткен.
Бүгінде Екатерина Абсатырова – Атырау облысында тұратын жалғыз тыл ардагері. Ол барлық қиындықтарға қарамастан, өмірге деген құштарлығын сақтап келеді.
Біз әрдайым ардагерлерімізді құрметтеуге міндеттіміз. Әр мереке сайын соғыс және тыл ардагерлерін құттықтап, оларға көңіл бөліп, сыйлықтар мен алғыс хаттар табыстауға тырысамыз Дейді полковник Бақыт Мағауұлы