Мемлекеттік қызметке түсуге ниет білдірген қарағандылық студенттерге бейресми жағдайда мемлекеттік басқару, әкімшілендіру және медиа сауаттылық негіздері оқытылады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында «Елге қызмет» жастар клубы ашылды.
Қатысушылар мемлекеттік органдарда жұмыс істеуге ниет білдірген қарағандылық ЖОО-ның белсенді студенттері қатарынан іріктелді. Клубта мемлекеттік басқару және әкімшілік, заңнама, экология және т.б. бағыттар бойынша бірнеше топ құрылды. Әр бағыт бойынша арнайы дәрістер мен семинарлар өткізілетін болады. Сондай-ақ, клубта барлық қатысушылар оқып-үйренуі тиіс жалпы пәндер қарастырылған, олар – медиа сауаттылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет, тұлғаны дамыту, мемлекеттік басқару негіздері және т. б.
Сабақтар әр жұма сайын өткізіледі. Бір курс алты айға есептелген.
– Біз жастар үшін бейресми, жайлы жағдай жасағымыз келеді. Былайша айтқанда - шенеуніктік тәсілсіз. Себебі мемлекеттік мекемелердегі көпшілікті дәл осы жайт қорқытады. Біз, керісінше, клуб мүшелерімен шай ішіп, әркімге өз пікірін білдіруге, идеяларды талқылауға мүмкіндік бере аламыз, – дейді клуб жетекшісі Ернар Рақышев.