Қазақстанда орта білім беру ұйымдарының 67%-ы (5236 мектеп) аудандық және ауылдық жерлерде орналасқан, бұл білім беру ошақтарында 1,6 миллион бала оқиды. Қалалық және ауылдық мектептер үшін бірыңғай білім беру стандарттары енгізілуде, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес таяудағы үш жыл ішінде еліміздің барлық өңірінде 1231 мектепті реновациялау жоспарлануда, оның ішінде 820 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан.
Оқу-ағарту министрлігімен мектептерді реновациядан өткізудің жиынтық жоспары бекітілді, облыс әкімдіктері 2025-2027 жылдарға арналған өңірлік жоспарларды әзірледі. Реновациядан өткізуде мектептерді күрделі жөндеу, заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау, мектеп жиһаздарын жаңарту, кітапханалар мен асханаларды жаңғырту, спорт залдарын салу немесе реконструкциялау, қоғамдық кеңістіктерді жабдықтау, сондай-ақ қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз ету қарастырылған.
Бұл шаралар мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, инновациялық білім беру технологияларын енгізуге және педагогтердің біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жоба үш жылда жүзеге асырылады: 2025 жылы 262 мектеп, 2026 жылы 436 мектеп, 2027 жылы 466 мектеп. Қосымша 2028-2029 жылдары Жамбыл облысында 67 мектеп жаңғыртылады.