ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ұйымдастыруымен ғылым және жоғары білім саласындағы баспасөз хатшыларына арналған екі күндік «UniMediaX25» республикалық семинар-тренингі өтті. Бұл шараның басты мақсаты – ғылым және білім саласындағы баспасөз қызметінің өкілдеріне медиа мен коммуникация саласындағы заманауи әдіс-тәсілдерді үйрету, тәжірибе алмасу және олардың кәсіби біліктілігін арттыру, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараның ресми ашылуында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау сөз сөйлеп, баспасөз хатшыларының кәсіби деңгейін көтеру мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған бұл жиынның маңызды алаң екенін атап өтті. Министрдің айтуынша, баспасөз хатшылары қоғам мен билік арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, ғылым мен білім саласындағы маңызды реформаларды халыққа дұрыс әрі түсінікті түрде жеткізуге үлкен үлес қосады.
«Баспасөз хатшыларының жұмысы мемлекеттік саясаттың ашықтығын арттыруға және қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді күшейтуге ықпал етеді», – деді С.Нұрбек.
Министр сондай-ақ семинарға қатысушыларға ведомствоның жұмысы, еліміздің жоғары білім және ғылым саласындағы жетістіктері, алдағы жоспарлары мен келешегі туралы айтып өтті.
Іс-шарада ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов, сондай-ақ «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталықтары мен мектептер желісінің негізін қалаушы Ырысбек Мәуіт сөз сөйледі.
Семинарға 35 жоғары оқу орны мен ғылыми зерттеу институттарының баспасөз қызметкерлері қатысты.
PR және коммуникация саласындағы тәжірибелі маман Әсел Серікпаева «Медиаға табысты қадам: медиа мүмкіндіктерді тиімді пайдалану» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар «Әскер медиа» ЖШС директоры Дамир Аспан экстремалды жағдайда журналистермен тиімді қарым-қатынас жасау саласындағы PR құпияларымен бөлісті.
Семинар-тренингтің бірінші күні Еуразия ұлттық университетінің театрландырылған қойылымымен қорытындыланды.
Іс-шараның екінші күні ҚР ҒЖБМ Қоғаммен байланыс департаменті қызметкерлері PR саласындағы тұлға тақырыбы және аудиториямен жұмыс істеу тәсілдері, жоғары сапалы медиаконтент құру, ғылым мен жоғары білім саласындағы жаңалықтарды халыққа жеткізу, ақпаратқа қолжетімділікті үйлестіру және ресми сайтпен жұмыс жасауға қатысты оқыту семинарлары жүргізді. ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасарлары Ақерке Абылайхан мен Жанна Есинбаева жоғары білім саласындағы жаңашылдықтар мен өзгерістерге тоқталды.
Тренинг барысында қатысушылар пікір алмасып, интерактивті сессияларға қатысты. Сондай-ақ ең үлкен ЕҰУ-дың студенттер үйі, Coventry University кампусы, Maqsut Narikbayev University-ді аралады. Шара соңында сертификатты табыстау рәсімі өтті.
Бұл іс-шара – Қазақстандағы ғылым және білім саласындағы медиа-коммуникациялық қатынастарды жақсартуға, сондай-ақ осы саладағы мамандардың біліктілігін арттыруға бағытталған маңызды бастама.