«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5512 әскери бөлімінде ант қабылдау рәсімі өтті. Абай, Ақмола, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарынан шақыртылған екі жүзге жуық сарбаздың ант қабылдау рәсімі Павлодар қаласындағы әскери бөлімде өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ұлттық ұлан сапына Абай өңірінен шақыртылған Ескендір Оразбаев ант қабылдау рәсімінен кейін қаладағы саябақтардың бірінде сүйген қызына өмірлік жары болуға сөз салды. Қатардағы жауынгердің сүйіктісі көпшілік алдында «иә» деп жауап беріп, ұландықты әскерден келгенше тағатсыздана күтетінін айтты.
Салтанатты іс-шараға қатысқан жас сарбаздар қаруласына қолдау танытса, романтикалық оқиғаға сүйсіне қараған қала тұрғындары қос ғашыққа жылы лебіздерін жолдады.
- Мен бұл сәтте бұрыннан күттім. Орайы қашан келеді екен деп уайымдайтынмын. Өйткені, әскерге дейін Құралайға сөз салудың ретін келтіре алмадым. Ғашығымның мен үшін келе жатқандығын естігенде сөз саламын деп шештім. Маған кеңес беріп, қолдау танытқан қаруластарыма алғысым шексіз, - дейді қатардағы жауынгер.